RU

COVID-19 екінші толқыны: Әлемде вирус жұқтырғандар саны көбейіп жатыр

тәж45
Көрнекі фото: pixabay.com

Жер бетінде коронавирус жұқтырғандар саны 32 миллионнан, ал инфекциядан көз жұмғандар саны 988 мыңнан асты. Барлық елдерде вирус жұқтырып, қайтыс болғандар көбейіп жатыр деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Worldometers онлайн дайджестінің деректеріне сәйкес, 2020 жылдың 25 қыркүйегінде коронавирус әртүрлі елдердің 32,4 млн тұрғынынан анықталған. 988,2 мың адам қайтыс болған. Ал қауіпті аурудан 23,9 млн адам сауығып шыққан.

Статистикалық деректерге сүйенсек, әлем бойынша коронавирустың екінші толқыны басталды. Өлім-жітім көрсеткіші бірден өсіп кетті.

Мәселен, РИА Новостидің жазуынша, өткен тәулікте Чехияда 19 адам қайтыс болған.

Ал Францияда 24 сағатта 16 мың адамнан вирус анықталған. Пандемия басталғалы бері мұнда жарты миллионға жуық адамға коронавирус диагнозы қойылған. Соның ішінде 31 мың адам аурудан көз жұмған.

Daily Mail жазуынша, Ұлыбританияда да бір тәулікте 6,6 мың адамның вирус жұқтырғаны белгілі болды. 40 адам вирустан қайтыс болған.

22 қыркүйектен бастап Борис Джонсон жаңа шектеулер енгізді. Егер ол жағдайды тұрақтандыра алмаса, онда үкімет локдаун енгізбек.

The Guardian хабарлауынша, шектеулер енгізілген соң британиялықтар дәретхана қағазы, ұн, макарон мен бактерияға қарсы майлықтарды сатып ала бастаған.

Сонымен бірге, Нидерландыдағы жағдай да ушығып отыр. Соңғы тәулікте 2,5 мың вирус жұқтырған адам тіркелген.

RT жазуынша, Испанияда өткен тәулікте 10 мың адамнан ауру табылып, 84 науқас қайтыс болған.

Ал Украина президенті Владимир Зеленский елде коронавирустың екінші толқыны басталғанын ресми түрде жариялады. РБК жазуынша, мұнда күн сайын 3 мыңнан астам адамнан коронавирус табылып жатыр.

Ресми деректерге сүйенсек, бір жарым айдан бері шерулер тыйылмай отырған Беларусьте тәулігіне вирус жұқтырған 206 адам тіркелуде. Пандемия кезінде мұнда 76,1 мың адамның ауру жұқтырғаны анықталып, 791 науқас көз жұмған деп жазады Sputnik Беларусь.

Ал Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирустың екінші толқынына дайын болу керегін айтты.

Сондай-ақ, денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов қатаң карантиннің қандай жағдайда енгізілетінін мәлім етті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1876364-covid-19-ekinsi-tolkyny-lemde-virus-zktyrgandar-sany-kbejip-zatyr.html