RU

Блок-бекеттегі жол апатынан аман қалған полицей сот алдына келді (фото)

блокк
Фото: Sputnik / Тимур Батыршин

Алматыдағы блок-бекетте болған жол апатына қатысты іс Алматы облыстық сотында қаралып жатыр. Айыпталушы ретінде Азат Азаматов есімді экс-полицей танылған. Бүгін сол апаттан аман қалған жалғыз адам түсінік берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

Жантүршігерлік жол апатынан екі тәртіп сақшысы қайтыс болып, полицей Ербұлан Сейдазым ауруханаға түскен. Ол жақында ғана есін жинап, бүгін сотта куәлік берді.

"Мен Алматы полиция департаментінде қызмет етемін. 18 наурыздан бастап қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында блок-бекетте жұмыс істедім. 24 мамыр күні кешке жұмысқа түстім. Келесі күні таңертең апат болды. Апаттан бірнеше минут бұрын жұмыс планшетін жол полициясы қызметкерлеріне беру үшін станцияға бардым. Көлікке жақындай бергенімде апат болды. Есімнен танып, бірнеше күннен кейін ауруханада ояндым. Сол кезде не болғанын түсіндім", - деді сот залында полиция қызметкері.

Ол бетон қоршаудың қалай тигені есінде жоқ екенін айтты.

Полицей басынан жарақат алып, оған екі операция жасалған. Ауруханада бір ай жатқан ол қызметіне әлі оралмапты.

Сотта апат куәгері Фариза есімді тұрғын да сөйледі. Оның үйі апат болған маңда орналасқан. Келіншек күдіктіні көрген-көрмегені есінде жоқ екенін, алайда полиция қызметкерлерінің шолақ шалбар мен шұлық киген толық ер адамды алып бара жатқанын көрген.

"Таңертең таңғы намазға ұйықтап қалыппын. Жуынатын бөлменің есігін аша бергенімде қатты дауыс естідім. Үйіміз жолдың бойында орналасқан. Сыртқа шығып қарағанымда форма киген жас жігіттің қан жоса болып жатқанын көрдім.
Апат болған жерге жүгіріп бардым. Алдымнан жігіт шығып, көмек сұрады. Мен көп жайтты көрмей қалдым, бірақ ол жағдай өте қорқынышты еді. Апаттың қалай болғанын көрген жоқпын, тек дауысын естідім. Айыпталушыны да көрген жоқпын. Көрсем де, есімде жоқ", - деді әйел.

Сондай-ақ сотқа сол маңайда тұратын Мария есімді тұрғын қатысқан.

"Бұл қызметтік көлік әр кеш сайын блок-бекетте тұрды. Апат болған жерден полиция қызметкерін көрдім. Қызметтік көліктің рөлінде қайтыс болған полицей отырды. Сол сәтте біреу оның қайтыс болғанын айтты. Сол жерде жұмыс істеп жатқан қызметкерлерге көмектесе бастадық. Полиция қызметкерлерінің бір адамды алып кетіп бара жатқанын көрдім. Оның үстінде тек қара шолақ шалбар мен нәски болды", - деді әйел.

Марияның айтуынша, апат орнына жедел жәрдем бір сағаттан көп уақыттан кейін келген.

Еске салсақ, Алматыда 25 мамыр күні таңертең бақылау-өткізу бекеттерінің бірінде қайғылы оқиға орын алды. BMW жүргізушісі патрульдік көлікпен соқтығысып, апат салдарынан қос полицей қызметкері қайтыс болған еді.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыдағы бақылау-өткізу бекетінде адам өліміне алып келген жол-көлік оқиғасы үшін айыпталған экс-полицей Азат Азаматовтың өз кінәсін мойындағанын хабарлағанбыз.

Кеінірек, марқұм болған полиция қызметкерлері Дастан Әбдіқанов пен Жарас Жанғазиевтің туыстары сотталушы Азат Азаматовқа кешірім беруден бас тартқанын жаздық.

Жарас Жанғазиевтің жесір қалған жұбайы Аида Жетпіспаева күйеуінің қазасы туралы көршілерден білгенін айтты.

Азаматовқа кешірім беру туралы сұраққа ол үш баласының (14 жас, 10 жас және 1 айлық) жетім қалғанын айтып, сотталушыны кешіре алмайтынын алға тартты.

Сондай-ақ Жетпіспаева мемлекеттен уәде етілген пәтерді әлі алмағанын атап өтті.

Сонымен қатар, сот отырысында марқұм Дастан Әбдіқановтың әйелі Динара Аман қорғаушы мен судьяның сұрақтарына жауап берді.

Сол күні ол күйеуімен бірге қонаққа баруды жоспарлағанын жеткізді. Жарының ауруханаға түскенін оның әріптесі Аяннан білген.

Содан соң жесір әйел асыраушысынан айырылғаны туралы талап арыз бергенін мәлімдеп, моральдік зиянды өтеуді талап етті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1876376-almatydagy-blok-bekette-bolgan-zol-apatynan-aman-kalgan-policej-sot-aldyna-keldi.html