RU

Қарағандылық азамат жалға алған автокөлігін Нұр-Сұлтан тұрғынына сатып жіберген

жүргізуші авто 2
Көрнекі фото: NUR.KZ / Петр Карандашов

Қарағанды тұрғыны автокөлікті жалға алып, сатып жіберген. Кейіннен көліктің елордада сатылғаны анықталды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Құқық қорғау органдары мәлім еткендей, 27 жастағы ер адам компаниямен автокөлікті жалға алу туралы келісімшарт жасасқан. Көлікті 23 қыркүйек күні қайтаруы тиіс еді. Алайда ол сол күйі хабарсыз кеткен.

Компания басшылығы аталған оқиға бойынша полицияға арызданған. Көп ұзамай тәртіп сақшылары қарағандылықты тапты.

Ер адам жалға алған автокөлікті алты күн бұрын Нұр-Сұлтан тұрғынына сатып жібергенін айтқан.

"ҚР қылмыстық кодексінің 190 бабы "Алаяқтық" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізілуде", – деп хабарлады полиция өкілдері.

Еске сала кетейік, бұған дейін Алматы облысы тұрғынының жаяу жүргіншіні қағып өлтіріп, оқиға орнынан қашып кеткенін хабарлағанбыз. Артынан ол автокөлігін тығып қойған. Тәртіп сақшылары күдіктінің ізіне түсті.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 21 қыркүйекте сағат 23.00-де болған. Белгісіз автокөлік "Нұр-Сұлтан – Алматы" тас жолында 46 жастағы Ақши ауылының тұрғынын қағып кеткен. Ер адам оқиға орнында көз жұмды, ал жүргізуші белгісіз бағытта ізін жасырған.

Сондай-ақ осы жылдың маусым айында Нұр-Сұлтанда мас күйде үш адамды қағып кеткен әйелге қатысты сот үкімі шығарылғаны белгілі болды.

Сот қылмыстың ауырлығын, балалардың зардап шеккенін ескере отырып, айыпталушыны 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды. Сонымен бірге, сотталушы 10 жылға көлік құралын жүргізу құқығынан айырылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1876425-karagandylyk-azamat-zalga-algan-avtokligin-nr-sltan-trgynyna-satyp-zibergen.html