RU

Әскери қауіпсіздік мәселелері жөнінде ведомствоаралық комиссия отырысы өтті

Қорғаныс министрлігі қауіпсіздік кеңесі 1
Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Нұр-Сұлтан қаласында қорғаныс министрі генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаевтың басшылығымен әскери қауіпсіздік мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесіне қарасты ведомствоаралық комиссияның жоспарлы отырысы өтті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Отырысқа Қауіпсіздік кеңесі аппаратының, Қарулы күштердің және ҚР мемлекеттік органдарының бірқатар өкілдері қатысты.

Шара барысында еліміздің қорғаныс қабілетін нығайту, Қарулы күштердің, басқа да әскерлері мен әскери құрамаларының құрылысы мен дамуы мәселелері қарастырылып, талқыланды. Сонымен қоса, келесі кезеңге Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын әзірлеу барысы, Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құрамаларының құрылысы мен дамуы тұжырымдамалары туралы баяндамалар тыңдалды, сондай-ақ мемлекеттің қорғанысын жоспарлау әдіснамасы ұсынылды.

Қорғаныс министрлігі қауіпсіздік кеңесі 2
Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Ведомствоаралық комиссия жұмысының қорытындысы бойынша мүдделі мемлекеттік органдарға ұсыныстар мен ұсынымдар жасалды.

Бұл ведомствоаралық комиссия кеңес беруші, әрі кеңесуші орган болып табылатынын және мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етудің мәселелері мен негізгі бағыттарын қарастыратынын атап өткен жөн.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1876447-skeri-kauipsizdik-mseleleri-zninde-vedomstvoaralyk-komissia-otyrysy-tti.html