RU

Интерпол Грузияда жоғалған 13 жасар қазақстандықты іздеуде

Пилпани 456
Илья Пилпани. Фото: facebook.com / kseniya.pilpani

Грузияда жоғалып кеткен 13 жасар алматылық Илья Пилпаниге халықаралық іздеу жарияланды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Бұл туралы Sputnik Грузия басылымына баланың анасы Ксения Пилпани айтып берді.

Оның сөзіне қарағанда, енді Ильяның әкесі жәбірленуші мәртебесіне ие болды. Бұл отбасыға барлық тергеу материалдарымен танысуға мүмкіндік береді.

Жоғалған жеткіншектің анасы мәлім еткендей, грузин тілін білмегендіктен біршама қиындықтар туындаған. Қазіргі уақытта олар аудармашы іздеуде, содан кейін ғана тергеу материалдарымен таныса алады.

Пилпани Грузия ішкі істер министрінің орынбасарымен кездесу барысында ұлына халықаралық іздеу жариялауды сұраған. Жақында баланы іздеуге Интерполдың кіріскені белгілі болды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Грузиядағы туыстарына қонаққа барып, карантинге байланысты ұзақ уақытқа қалып қойған 13 жастағы алматылық Илья Пилпанидің жоғалып кеткенін хабарлаған едік. Ол 18 шілде күні велосипедпен серуендеу үшін үйден шығып кетіп, сол күйі қайта оралмаған.

Басында баланы іздеу жұмыстарына 50 құтқарушы, сондай-ақ қол ұшын созуға ниет білдірген жергілікті түрғындар жұмылдырылған болатын.

Кейіннен Грузия ішкі істер министрлігінің арнайы брифингінде төтенше жағдайларды басқару қызметінің басшысы Теймураз Мгебришвилиха жоғалған алматылықты іздестіруге тікұшақ пен 80 өрт сөндіруші жұмылдырылғанын мәлімдеді.

Сондай-ақ Грузия ішкі істер министрінің жоғалған жеткіншекті іздеу жұмыстарын жеке бақылауына алғаны белгілі болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1876463-interpol-gruziada-zogalgan-13-zasar-kazakstandykty-izdeude.html