RU

Украинадағы ұшақ апатынан аман қалған курсант қайғылы оқиға туралы айтып берді

4894165
Ауруханадан фото: president.gov.ua

Украинаның Харьков облысындағы ұшақ апатынан аман қалған Вячеслав Золочевский қайғылы оқиғаның мән-жайымен бөлісті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Апаттан зардап шеккен курсанттың сөзін Харьков облысы әкімшілігінің басшысы Алексей Кучер келтіріп өтті. Шенеунік Вячеславтың ұшақтан бірден шығып кетпей, жолдасына көмектескенін мәлім етті деп жазды Life.ru украиналық "Суспильне" басылымына сілтеме жасап.

"Құдды бір компьютерлік ойындағыдай болғанын айтты. Барлығы есінде жоқ, белгілі бір уақытта есінен танып қалған. Әзріге түсінгеніміздей, ол есін жиған соң қирандылардың арасынан шығып, әріптесінің үстіндегі отты өшірген", – деп атап өтті Кучер.

Сондай-ақ апаттан аман қалған курсантпен Украина президенті Владимир Зеленский сөйлескен. Мемлекет басшысы ауруханаға барып, Харьков ұлттық әуе күштері университеті оқушысының жағдайын біліп қайтты. Бұл туралы Украина басшысының сайтында хабарланды.

Айта кетейік, бұған дейін Украинадағы әскери ұшақтың апатқа ұшыраған сәті видеоға түсіп қалғанын хабарлаған болатынбыз.

Украина ішкі істер вице-министрінің айтуынша, Ан-26 ұшағының апатқа ұшыраған сәті Чугуевтағы биік ғимараттардың біріне орнатылған бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

Еске сала кетсек, 25 қыркүйекте сағат 20.50-де Чугуев қаласының маңында әскери әуежайдан шамамен екі шақырым қашықтықта Украина ҚК Ан-26 ұшағы құлап, өртенген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1876472-ukrainadagy-sak-apatynan-aman-kalgan-kursant-kajgyly-okiga-turaly-ajtyp-berdi.html