RU

"Диқандардың басында проблема көп": Бизнесмен қарапайым шаруалардың жанайқайын айтты

Бекет Әбішев
Фото: Видеодан кадр/ "Уақыт көрсетеді"

Танымал бизнесмен әрі меценат Бекет Әбішев еліміздегі ауылшаруашылық саласындағы өзекті мәселелерге тоқталып, шаруалар мен диқандар жиі кезігетін басты проблемаларды атады. Сондай-ақ, кәсіпкер қайырымдылық жасаудағы негізгі ниетінің қандай екенін де айтты. Бұл туралы ол "Уақыт көрсетеді" бағдарламасында мәлімдеген деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Бекет Әбішев Алматы облысы Қарасай ауданы Елтай ауылында туған. Бүгінде ол ауылшаруашылық саласындағы белді кәсіпкердің бірі. Бизнесменнің айтуынша, еліміздегі ауылшаруашылық саласы көптеген өзгерістерге зәру.

"Мен бұл кәсіпке жастайымнан бет бұрдым және ауылшаруашылығына қажетті нәрселерді бес саусағымдай білемін. Сондықтан, қолымнан келгенше өз үлесімді қоссам деймін. Бүгінде диқандар мен шаруаларға көлденең келетін дүниелер көп. Елімізде министр ауысқан сайын заң да, ереже де өзгереді.

Бір ережені енді түсініп болғанша басқа ереже қолданысқа енеді. Сондай-ақ, кәсібін дөңгелету үшін берілетін несиеде кепіл қою деген нәрсе бар. Бұл да диқандар үшін үлкен келергілердің бірі. Осы мәселелердің бәрі мені толғантпай қоймайды. Сондықтан, осы бір ережелерді біршама жеңілдетсек деген ұсынысым бар. Өйткені, жермен жұмыс істеу оңай емес. Жақсы өнім алып, айналымға шығу үшін кем дегенде 3-7 жыл керек", - дейді кәсіпкер.

Бекет Әбішев еліміздегі бос жатқан жерлерді игеру туралы ұсынысын мінберлерден жиі айтып келеді. Ол еліміздің үш облысында қарақат мен таңқурай егуді қолға алған. Алайда, коронавирусқа байланысты төтенше жағдай жарияланған соң, диқандардың өнімді еңбек ететін мүмкіндігі болмапты.

"Наурыз бен маусым аралығында біз тынымсыз еңбек етіп, жерді дайындап, көшеттерді отырғызуымыз керек еді. Алайда, әлемді жайлаған індет бұған мүмкіндік бермеді. Карантин жеңілдетілген кезде егіс алқабын арам шөп пен қурай басып кеткен. Диқандардың алдында мұндай қиыншылықтардың талайы кездеседі. Осындай кезде басшылықтың түсіністік танытқаны жөн", - дейді ол.

Кәсіпкер өзінің ең алғашқы 1 миллион долларына 24 жасында қол жеткізгенін жасырған жоқ.

"Алғашқы миллион долларды 24 жасымда өз еңбегіммен таптым. Қаражатымды швейцариялық банктерде сақтаған емеспін. Маған бәрі еңбекпен келді. Шамам жеткенше халыққа көмектескім келеді. Бүгінге дейін ережесіз жекпе-жектен «Алаш Прайд» клубын қаржыландырған едім. Енді мұны уақытша тоқтатып, қайырымдылыққа баса назар аударудамын. Өйткені, денсаулығым сыр беріп, бір өлімнен аман қалдым. Алла маған екінші мүмкіндік берген соң, соны құр жібермей, елімде пайдамды тигізгім келеді", - дейді ол.

Жергілікті халық Бекет Әбішевті "Атымтай Жомарт" атап кеткен. Бизнесмен осы уақытқа дейін 11 отбасыға жаңа үй алып беріп, қашықтықтан оқыту кезінде оқушыларға 300 планшет сыйлаған. Бірақ мұның да екінші жағы бар болып шықты.

"Мен туып-өскен Елтай ауылындағы көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен 11 отбасыға баспана жағынан көмектескенім рас. Бірақ соны естіп алған көрші ауыл тұрғындары амалын тауып, Елтайға көшіп келуге тырысуда. Содан соң, мен үй береді деген түсінік қалыптасса керек. Әрине, шамам жеткенше көмегімді аямаймын. Бірақ тек қана қол жайып, сұрай беру орынсыз. Адамдардың еңбек еткені, тер төккені дұрыс. Еңбек еткен адамның несібесін Алла міндетті түрде береді", - дейді ол.

Бекет Әбішев Елтай ауылындағы 68 отбасыны азық-түлікпен қамтып тұрады. Сондай-ақ, Бекет еліміздегі ат спортының, оның ішінде, көкпардың жанкүйері. Осыған орай, ол жақын жолдасы әрі замандасы, жақында коронавирустан көз жұмған Талғар ауданының әкімі Жолан Омаровты еске алуға арналған ат жарысын ұйымдастыруға ниетті.

Айта кетейік, осыған дейін Нұрфин редакциясы "Елімізде салық төлемейтіндер қылмыстық жазаға тартыла ма?" деген сұраққа жауап іздеп көрген еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1876568-dikandardy-basynda-problema-kp-ksipker-karapajym-sarualardy-zanajkajyn-ajtty.html