RU

Павлодар облысында 9 оқушы коронавирус жұқтырды

Фото
Көрнекі фото: piqsels.com

Павлодар облысында 9 оқушыдан коронавирус инфекциясы анықталды. Олардың төртеуі – мектепке барып жүрген балалар деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы өңірдің бас санитарына сілтеме жасап.

Облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау және қауіпсіздігін бақылау департаменті таратқан ақпаратқа сәйкес, Шарбақты ауданы Алексеевка ауылындағы орта мектепте COVID-19 алғашында бір баладан анықталған.

Санитар дәрігерлер онымен байланыста 44 адамның болғанын жария етті. Артынша байланыста болған 3 баланың тест қорытындысы оң нәтиже көрсеткен. Олардың барлығында вирус симптомсыз өтіп жатыр.

"Баланың жағдайы бірқалыпты, шағымы жоқ, симптомсыз өтіп жатыр. 16 қыркүйекте ол сабақтан босатылды, үй карантинінде жатыр. Мектепте шұғыл тексеріс бастап, эпидемияға қарсы шаралар жүргізіліп жатыр", - деді Павлодар облысының бас санитар дәрігері Батырбек Әлиев.

Оның сөзінше, Алексеевкадағы мектеп уақытша жабылған, оқу орны эпидемиологиялық жағдай қалпына келгеннен кейін қайта ашылмақ.

Одан бөлек, өңірде тағы 5 бала вирус жұқтырған. Олардың үшеуі Павлодар қаласында болса, бірі – Ақсуда, бесіншісі – ауданда. Балалардың бәрі қашықтан білім алып жатқан.

Еске сала кетейік, 14 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданы Парыгина ауылындағы мектептердің бірінде кезекші сыныпта білім алып жүрген екінші сынып оқушысынан коронавирус инфекциясы анықталғанын жазған едік.

Кейінірек, ШҚО-да тағы да вирус жұқтырған үш оқушы науқас тіркелді.

Сонымен қатар, Солтүстік Қазақстанда да 12 оқушыдан коронавирус анықталды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1876571-pavlodar-oblysynda-9-okusy-koronavirus-zktyrdy.html