RU

Көкшетауда марқұм бизнесменнің құрметіне ас берген мейрамхана айыппұл арқалады

59495
Көрнекі фото: pixabay.com

Көкшетаудағы мониторингтік топ карантин ережелерінің бұзылуын анықтады: мейрамханалардың бірінде көпшілік іс-шара өткізілген – жол-көлік оқиғасынан қайтыс болған бизнесмен Владимир Свидерскийдің құметіне ас берілген деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Белгілі болғандай, көптеген автокөліктердің мейрамхана алдына жиналуы санитарлық дәрігерлердің назарына іліккен.

Әкімдік және тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің қалалық басқарма қызметкерлерінен құралған топ бұзушылық фактін анықтап, карантин кезеңінде шектеу шараларын сақтамағаны үшін мейрамханаға айыппұл салды деп жазды Sputnik Қазақстан.

"Полиция басқармасының қызметкерлері "Аристократ" мейрамханасында ас беру рәсімі өткенін анықтады. Ақмола облысы бас мемлекеттік санитар дәрігерінің 30 тамыздағы № 109 қаулысының бұзылуы тіркелді", – деді Ақмола облысының бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина.

Аталған қаулыға сәйкес, өңір аумағында көпшілік іс-шаралар өткізуге тыйым салынған.

Сондай-ақ іс-шара кезінде азаматтар арасында әлеуметтік арақашықтық сақтау туралы ереже бұзылғаны анықталды.

"Анықталған бұзушылықтар бойынша әкімшілік шаралар қабылданады", – деп түйіндеді Мусина.

Еске сала кетейік, жақында Ақмола облысында белгілі кәсіпкер Владимир Свидерскийдің жол апатынан қайтыс болғанын хабарлаған едік.

Жол-көлік оқиғасы 25 қыркүйек күні кешке Нұр-Сұлтан - Петропавл тас жолының 285 шақырымында орын алған.

Сондай-ақ бұған дейін Ақтөбеде жол апаты салдарынан 5 жасар бала қайтыс болған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1876624-kksetauda-markm-biznesmenni-krmetine-as-bergen-mejramhana-ajyppl-arkalady.html