RU

Алматыда жаппай төбелес орын алды (видео)

Жұдырық1
Көрнекі фото: piqsels.com

Алматыда түнгі уақытта бардың жанында жаппай төбелес болды. Қалалық полиция бұл факт бойынша органдарға ешкімнен шағым түспегенін айтты деп хабарлайды Kaz.nur.kz.

Төбелестің видеосы kris_p_almaty Instagram-парақшасында пайда болды. Бейнежазбадан саны 10-нан астам жігіттердің жол бойында сөзге келіп, жаға жыртысып жатқанын көруге болады. Видеоның астындағы сипаттамада төбелес жұмадан сенбіге қараған түні барлардың бірінің жанында болғандығы айтылады. Алдын ала болжам бойынша төбелеске шамамен 30-35 адам қатысқан. Қалалық полиция бөлімі төбелес туралы органдарға ешкім шағым түсірмегенін хабарлады.

"Бұл факт бойынша "102" басқару пультіне және аудандық ішкі істер бөліміне ешкім хабарласпады, ешкім арызбен жүгінген жоқ. Бұл факт әлеуметтік желілерден белгілі болды. Қазіргі уақытта төбелесу фактісі Қылмыстық кодексінің 293-бабы, 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде тіркелген. Мән-жайлар анықталып жатыр", – деп хабарлады полициядан.

Ескерту! Бейнежазбада бейәдеп сөздер бар!

Еске салсақ, Қырғызстанның Ош облысында парламент депутаттығына үміткерлердің үгіт-насихат шарасы жаппай төбелеске ұласты. Араван ауданына келген "Мекенім Қырғызстан" партиясының өкілдері мен жергілікті халық қырық-пышақ болып қырқысқан.

Оған қоса, Нұр-Сұлтанда бір топ жасөспірім қаланың қақ ортасында жаппай төбелескен еді. Өзара келісе алмаған екі тараптың қақтығысы астанадағы сауда орталығының алдында орын алып, куәгерлердің камераларына түсіп қалған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1876629-almatyda-zappaj-tbeles-oryn-aldy-video.html