Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоңазытқыштағы бала өлімі: Куәгер тірі нәрестені өз көзімен көргенін мәлімдеді

Опубликовано:

Фото
Көрнекі фото: pixabay.com

Атырауда тоңазытқышқа тірі баланы салу ісі бойынша сот процесінде перинаталдық орталықтың төртінші және бесінші қабатының дәлізінде орнатылған бақылау камераларының бейнежазбалары зерттеліп жатыр. Соттың кезекті отырысында 2019 жылы 29 қыркүйекте түскі сағат бір мен кешкі он арасындағы видео қаралған. Бұның алдында айыпталушылардың қорғаушысы видеоның уақыты өзгертілген болуы мүмкін екенін бірнеше рет мәлімдеген еді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Ақ Жайық газетіне сілтеме жасап.

Басылым таратқан ақпаратқа сәйкес, бұған дейін куәгер ретінде жауап берген перинаталдық орталықтың санитары Светлана Козлова сотқа қайта шақыртылған.

Қорғаушылардың сөзінше, оның бұған дейін берген жауабында қайшылықтар бар.

Сол себепті ординатор бөлмесі, босану залы, акушерлік құралдар өңделетін бөлме және ас үй орналасқан бесінші қабаттағы бейнежазбаны қарау барысында қайтадан жауап алу керек деп санаған.

Оқиға орын алған күні Козлова ас үйде жұмыс істепті. Оның сөзінше, кешкі сағат 18.30-да акушер Жәмила Құлбатырова ас үйге кіріп, акушерлік құралдар өңделетін бөлмедегі жаңа туған нәрестеге қарауды сұраған. Құлбатырова сәбиді №1 босану палатасынан осы жерге алып келіпті. Бөлмеге екеуі бірге кірген кезде Козлова тірі баланы көреді.

"Балаға қарадым да, оның тірі екенін айттым. Неге оны жансақтау бөліміне апармағанын сұрадым", - дейді Козлова.

Әйелдің сөзінше, нәресте есік жаққа қарап жатқан, ерні мен қол-аяғы қимылдаған.

Видео кадрынан бөлмеде акушер Эльвира Насихатованың да болғаны байқалады. Козлова оған назар аудармағанын, екі көзі балада болғанын жеткізді.

Оның сөзінше, Насихатова кабинетте құралдарды тазалап тұрған.

Сот барысында Құлбатырова Козловадан "Саған баланың тірі екенін айттым ба?" деп сұрады.

"Жәмила апа, сіз ас бөлмеге келіп, нәрестені мәйітханаға жібере алмайтыныңызды айттыңыз. "Бала тірі ме екен, қарашы" дедіңіз. Мен сол жерге барып, баланың тірі екенін көрдім, неге жансақтау бөліміне жіберілмегенін сұрадым. Сіз баланың жүрегі тоқтап қалғанын, бірақ миы әлі жұмыс істеп тұрғанын айттыңыз. Мен үндеген жоқпын. Сіз бөлмеден Асқар Жәнібекұлын (Асқар Қайыржан - сотталушы, акушер-гинеколог) алып келу үшін шығып кеттіңіз. Баланың жаялығын ұстап көріп едім, ол жиырылды. Шамамен он минуттан кейін Асқар Жәнібекұлы келді. Оның артында тұрып, баланың тірі екенін айттым. Асқар Жәнібекұлы есікті жап деді, мен жаптым. Сіз өзіңіз де баланың тірі екенін көрдіңіз ғой", - деп жауап берді Козлова.

Ал акушер Құлбатырова бұндай әңгіме болмағанын, баланың қимылсыз жатқанын атап өтті.

Видеода Козлова есікті ішінен жауып жатыр. Ол сотта Асқар Қайыржанның неонатолог-дәрігерлерге қоңырау шалып, оларды шұғыл бала жатқан бөлмеге шақырғанын жеткізді. Әрі қарай видеодан неонатологтар Дариға Жұмабаева мен Руслан Нұрмұханбетовтың дәлізбен бөлмеге келе жатқанын көруге болады. Содан кейін Қайыржан біреуге қоңырау шалып, телефонмен сөйлесіп кетеді.

Сотқа қатысқан акушер Насихатова ол бөлмеден ешқандай сәбиді көрмегенін, құрылғыларды жуып, шығып кеткенін айтты.

Тағы бір видеода сағат 18.32-де бесінші қабатта Құлбатырованың №1 палатадан шығып, қолындағы затын тоңазытқышқа салып жатқаны түсірілген. Ал Насихатова 19:08-де сол бөлмеге кірген. 19:14-те ол жерге Козлова мен Құлбатырова кірген. Бір минуттан кейін Насихатова шығып кетеді.

Адвокат Мұқатановтың сөзінше, видеожазбадағы уақыт пен куәгерлер көрсеткен уақыт бір-біріне сәйкес келмейді. 

Сотта адвокат Молдашева Козловадан "баланы тоңазытқышқа Құлбатырованың салғанын сізге кім айтты?" деп сұрады. Ол Эльвира Насихатованың айтқанын жеткізді.

Насихатова да оның сөзін растады.

"Құлбатырова ординатор бөлмесінде жүрген кезде өзі айтты. Бұл туралы кейін Козловаға ас бөлмесінде шай ішіп отырған кезде айттым. Ол жердегі қыздарға естігенімді айттым. Светаның (Козлова) болғаны анық, басқа тағы кімнің болғаны есімде жоқ", - деді Насихатова.

Сотталушы Қуаныш Нысанбаев Козловадан "нәрестенің тірі екенін сағат жетіде білсеңіз, екі жарым сағат бойы оның өмірін құтқармай, не істедіңіз?" деп сұрады. Ал Козлова бұл оның қолында емес екенін, неонатолог дәрігерлер құтқарады деп ойлағанын білдірді.

Фото
Фото: Ақ Жайық

Еске салайық, өткен жылдың күзінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің қызметкерлері Атырау облысы перинаталдық орталығының бас дәрігері Қуаныш Нысанбаевты, сондай-ақ жаңа туған нәрестені өлтірді деп айыпталған акушер-гинекологты ұстаған еді. Қызметкерлер баланы өлі туды деп рәсімдеген.

Алайда одан тіршілік нышаны байқалған кезде дәрігерлер құжаттарды қайта рәсімдегісі келмей, оны тоңазытқыш камерасына жіберген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1876630-toazytkystagy-bala-limi-kuger-tiri-nresteni-z-kzimen-krgenin-ajtty/

pixel