RU

Алматыда жылу беру маусымы уақытынан бұрын басталды

Жылу1
Көрнекі фото: pixabay.com

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев жылыту маусымын әдеттегіден ерте бастауды тапсырды деп хабарлайды Kaz.nur.kz порталы Әсет Мұқажановтың Instagram-дағы ресми парақшасына сілтеме жасап.

Қала әкімінің баспасөз хатшысының хабарлауынша, Алматыда жылу маусымы 28 қыркүйектен, яғни бүгінгі күннен басталады.

Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының мәліметі бойынша жылу желілері мен жылумен қамту жүйелері 100% дайын екені белгілі болды.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасына сәйкес бірінші кезекте жылуға әлеуметтік нысандар қосылады. Балабақшаларға, мектептерге, денсаулық сақтау нысандарына бүгінгі күннен бастап жылу толық қуатында беріледі. Тұрғын үйлер ағымдағы апта ішінде жылу жүйелеріне қосылатын болады.

Қалада барлығы білім берудің – 444, денсаулық сақтау саласының 133 нысаны және орталық жылу жүйесіне қосылған 8024 көппәтерлі үй бар.

Айта кетерлігі, қалада бұрындары жылу 15 қазаннан соң, яғни үш күн ішінде ауаның тәуліктік орташа температурасы 8 градустан төмен болғанда берілетін.

Еске салсақ, Алматы облысында 3 күн бойы аяз болады. Бұл туралы өңірдік төтенше жағдайлар қызметі мәлім еткен болатын.

Осыған сәйкес Алматы облысының төтенше жағдайлар департаменті азаматтарды ауа райының өзгеруін бақылауға және сақтық шараларын сақтауға шақырады.

Айта кеткен жөн, осыған дейін Шығыс Қазақстан облысының таулы аймақтарында қар жауғанын жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1876647-almatyda-zylu-beru-mausymy-bastaldy.html