RU

Шипажайда баланы сүлгімен ұрған тәрбиеші қылмыстық жазаға тартылмайтын болды

Бала
Көрнекі фото: pixabay.com

Ақтөбеде баланы сүлгімен ұрған тәрбиешіге қатысты қылмыстық іс тоқтатылды деп хабарлайды Kaz.nur.kz порталы Sputnik Қазақстан-ға сілтеме жасап.

Өңірлік "Мой Город" басылымының ақпарына сәйкес, 2020 жылдың наурызында Ақтөбе облысындағы "Шағала" шипажайының 58 жастағы тәрбиешісі баланы сүлгімен ұрып-соққаны жария болған еді. Сол жердегі баланың бірі оқиғаны видеоға түсіріп алған, ал оны ата-анасы әлеуметтік желіде жариялады. Бұл шипажайда туберкулезбен ауыратын балалар оңалтудан өтеді.

Видеода балалардың еденде отырғанын, ал ақ халат киген әйелдің бір баланы сүлгімен ұрғанын көруге болады. Бала жыласа да, әйел оны бірнеше рет ұрған. Басқа балалар да "бізді аяқ киіммен де ұрады" дейді.  

Видео жарияланғаннан кейін шипажайға полиция мен прокуратура қызметкерлері барған. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 140-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, сараптама тағайындалды.

Тергеу барысында тәрбиешінің 20 жылдық жұмыс өтілі бар екені белгілі болды. Оның айтуынша, бала тәрбиешіге тіл тигізген. Содан ашуланып, сүлгімен сабай бастаған.

Ақтөбе қаласының Алматы аудандық полиция бөлімі жүргізген сотқа дейінгі тергеу екі жақтың татуласуымен аяқталды, қылмыстық іс тоқтатылды.

Ал шипажайдың хабарлауынша, баланы ұрған тәрбиеші мен сол жерде әйелді тоқтатпаған екінші тәрбиеші Еңбек кодексінің 52-бабы 14-бөлігі бойынша жұмыстан босатылған.

Еске салсақ, Ақтөбедегі балаларға арналған сүйек-өкпе туберкулезінің шипажайында тәрбиеші балақайлардың көзінше жеткіншекті аямай ұрып жатқан видеосы әлеуметтік желіде тарап кеткен еді.

Оған қоса, Қостанайда балаларды тәрбиелеу әдіс-тәсілімен ата-аналарды қорқытқан №6 балабақшасының тәрбиешісі жұмыстан шығарылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1876730-sipazajda-balany-slgimen-rgan-trbiesi-kylmystyk-zazaga-tartylmajtyn-boldy.html