RU

БҚО-да жол апатынан танымал саксофоншы жігіт қаза тапты

Дәулет
Дәулет Шәмелов: facebook.com/daulet.shamelov

Көнекеткен ауылы маңындағы Орал-Індер тас жолында жантүршігерлік жол апатынан саксофоншы Дәулет Шәмелов қаза тапты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Қайғылы жағдай өткен жұмада орын алған деп жазады "Уральская Неделя" басылымы.

Жол апатынан барлығы бес адам зардап шеккен. Олардың бірі дәрігерлер келіп жеткенге дейін жарақаттардан қаза тапты.

Белгілі болғандай, жол апатынан БҚО-да танымал саксофоншы Дәулет Шәмелов қаза тауыпты. Ол 26 жаста болатын. Одан бөлек, 1997, 1998, 1974 жылғы үш ер адам мен 1990 жылғы бойжеткен түрлі дене жарақаттарын алған. Бойжеткенді және 1998 жылғы азаматты амбулаторлық ем қабылдауға жатқызды. Олар туралы ақпаратты облыстық денсаулық сақтау басқармасы ұсынды.

Байланыстың нашар болуы салдарынан оқиға орнына ұзақ уақыт жедел жәрдем шақырту мүмкін болмаған екен. Бұл туралы қаза болған жігіттің досы мәлімдеді. Ол да жол апаты кезінде оқиға орнында болған. Өзін Шәмеловтің досы ретінде таныстырған Әділет Орынбасаров қайғылы жағдай туралы жазбаны желі парақшасында жариялады. Басылым жігіттің сөздерін назарға ұсынды.

"Бүгін жол көлік оқиғасының куәгері болдым. Қай аудан, қай ауылдың тұсы екендігін айтқым келмейді. Жалпы, бүгінгі күн мені көп жасқа есейткендей. Сөзімді қалай саптау керек екендігін де білмеймін. Жүрегім парша-парша. Жан дүнием астаң-кестең. Шарасыздықтан егілген бауырларымды көріп, ағыл-тегіл жыладым. Ия, ажал айтып келмейді. Бірақ бүгінгі оқиға менің тарапымнан заңды сауалдар туындатты", - дейді ол.

Ер адам Қазақстанда әлі де байланыс нашар елдімекендер барына күйінді. Одан бөлек ауылдардағы медицинаның жағдайы мәз еместігіне ашынған азамат көпшілікке жанайқайын жеткізді.

"Қаншама ауылдар ғаламтор былай тұрсын, кәдімгі сапалы ұялы байланысқа зәру. Мұқтаж! Адам жаны қыл үстінде тұрғанда жедел жәрдемге телефон шалып, көмекке шақырайын десең байланыс жоқ! Жоқ! Жан дауысың шығады. Бірақ таппайсың! Одан кейін жыр болған медицина мәселесі. Айналайын, жоғарыдағы көкелер! Еститін мемлекеттің қызметкерлері! Ауылдағы медицинаның хәлін білесіздер ме сіздер? Сағаттап күткен жедел жәрдемнің хәлі нашар адамды салып, көлікке дейін жеткізер қарапайым зембілі жоқ. Дем алуы қиындаған адамға салатын дәрілік препараттар таба алмай байғұс дәрігерлер сарсаңға түсті", - деп жағдайды есіне алды азамат.

Еске салсақ, бұған дейін біз Ақтаудағы әскери бөлімдердің бірінде сарбаздың басына оқ тигенін жазған едік.

Одан бөлек, Көкшетау көшелерінің бірінде болған атыс тұрғындардың үрейін ұшырғанын жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1876731-bko-da-zol-apatynan-tanymal-saksofonsy-zigit-kaza-tapty.html