RU

Той тыйылар емес: Заң бұзған тараздық кәсіпкерлер 10 млн теңге айыппұл арқалады

16523
Көрнекі фото: pixabay.com

Таразда карантин талаптарын бұзған кәсіпкерлер 10 миллион теңгеге жуық айыппұл арқалады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Қала әкімдігінде карантин талаптарын бұзу мәселесіне қатысты жиналыс өткізілді. Оған шаһардағы мейрамханалардың басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Тараз қаласы әкімінің орынбасары Алмас Садубаевтың айтуынша, салынған тыйымға қарамастан, кәсібін жалғастырып жатқан мейрамханалар бар. Ол өткен сенбі, жексенбі күндері арнайы рейд ұйымдастырылғанын жеткізді. Іс-шара барысында "Сәтті", "Бүркіт", "Ақ сарай", "Сұлтан сарай", "Заравшан", "Севинч", "Ерғали", "Інжу-Маржан" сынды бірнеше мейрамханада той-томалақ болғаны анықталған.

"Осы заңсыздық бойынша жергілікті полиция қызметі қажетті материалдарды жинақтап, әкімшілік шара тағайындау үшін тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жолдайтын болады. Жалпы осы уақытқа дейін Тараз қаласы бойынша 10 миллион теңгеге жуық айыппұл өндірілді. Дегенмен, қанша тосқауыл қойғанымызбен заңбұзушылықтар тоқтар емес. Басты мәселе той иелерінде тұрған жоқ. Егер мейрамхана басшылары – сіздер, тапсырыс алмай, белгілі бір уақытқа дейін жұмыстарыңызды тоқтата тұрсаңыздар, мына әлемді әбігерге салып отырған дерттің екінші толқыны болмас та еді", – деп түйіндеді Садубаев.

Одан кейін сөз алған Тараз қаласының жергілікті полиция қызметінің бөлім басшысы, полиция полковнигі Сәбит Мамытбеков мейрамхана қожайындарына карантин шараларын бұзғаны үшін жауапкершілік барын ескертіп, санитарлық нормаларды сақтауға шақырады.

Айта кетейік, елімізде өткен тәулікте тағы 58 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды.

Жалпы республика бойынша ауырғандар саны 107 833 адамға жетіп отыр.

Сондай-ақ бұған дейін әлем елдерінде коронавирустан қайтыс болған адамдардың саны миллионнан асқанын хабарлағанбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1876744-toj-tyjylar-emes-za-bzgan-tarazdyk-ksipkerler-10-mln-tege-ajyppl-arkalady.html