Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Танылмаған талант": 26 жастағы атыраулық жігіт ерекше даусымен елді тәнті етті

Опубликовано:

Жас талант
Фото: Видеодан кадр

Отандық танымал журналист Мейрамбек Таубалдиев отандастарын өз елінде таныла алмай жатқан тума таланттарды уақытында мойындауға шақырды. Оның сөзінше, халқымыз ерекше дарын иелерін тек шетелді таңдай қақтырғаннан кейін құрметтеп, төбесіне көтереді. Мұндай қателіктерді болашақта қайталамас үшін ақпарат өкілі ел назарына еленбей жүрген жас әншіні көрсетті деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Мейрамбек Таубалдиев өзінің Facebook парақшасында Ермек Айсын есімді атыраулық жігіт туралы жазбасын бөлісті.

Белгілі журналист халық арасында таныла қоймаған атыраулық әншінің шығармашылығына осымен бір жыл бойы тәнті болып келе жатқанын жасырмады.

Сол себепті, ол аты шетелде жер жармай тұрып, барша қазақстандықтарды нағыз болашақ жұлдызбен таныстыруды жөн көрген.

"Танылмаған талант. Жұбанып жүрсін деп картаға жердің байлығын да, ортаға өнердің барлығын да бізге үйіп-төгіп бере салған сияқты Жаратқан. Дарындардың көптігі сол - жайшылықта байқай бермейміз. Әйтеуір шетел мойындаса, талантты "дереу" тани кететін әдетіміз қалмай келеді. Бәлкім, басқа ұлттан ерекшелігіміз де сол шығар, кім біліпті?! Қысқасы, былай: көршілердің көзі түспей тұрғанда, көз жеткізіп алыңыздар. Айтпады демеңіз.
Еленбей жүрген есімнің бірі - Ермек. Тегі - Айсын. 26 жаста. Әлеуметтік желіден бақылап жүрмін. Тұп-тура бір жыл. Бард-әнші Зәмзам Дәуітов, Жұмекен, Әбу туған қасиетті Құрманғазы топырағынан (Атырау облысы). Ол да "ағалап" жағалап келмеді, мен де "інілеп" жақындап бармадым. Әлі де солай. Себебі, сондаймыз. Уақыт жоқ қой" , - деп жазды ол.

Анықталғандай, Ермек Айсын бұған дейін "Музарт Лайф" жобасына қатысқан. Ол финалға дейін жеткенімен, жеңімпаз бола алмады. Музыкалық додадан кейін ешкімнен ұсыныс түспеген соң, жас талант ауылына қайтып кетеді.

"Сұрастыра білгенім (шынымды айтсам, жақында білдім) - "Музарт Лайф" жобасына қатысқан, финалға дейін жеткен, ешкім ештеңе демеген соң, ауылға кеткен. Облыстық, республикалық өнер байқауларының жеңімпазы. Арнаулы музыкалық білімі жоқ. Есесіне, Маңғыстау облысындағы Ш.Есенов атындағы университеттің ІТ мамандығын бітірген. Қазір Құрманғазы ауданындағы Мәдениет үйінде жұмыс істейді.

Білетінім осы. Қалғаны бейнематериалда. Танылмаған талантты тани жүріңіз. "Ерім" дейтін ел барда, "Елім" дейтін ер болмақ. Әлде шетелді мойындатып қайтасың ба, Ермекжан? Сені биіктен көргім келеді, талант! Бағың жансын, бауырым" , - деп ағынан жарылды Таубалдиев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1876791-tanylmagan-talant-26-zastagy-atyraulyk-zigit-erekse-dausymen-eldi-tnti-etti/

pixel