RU

Нұр-Сұлтан мектептерінің бірінен коронавирус анықталды

Мектеп
Көрнекі фото: pixabay.com

Елорданың кезекші мектептерінен коронавирус дертін жұқтыру жағдайлары тіркелді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының бас санитарлық дәрігері мәлімдеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Жанна Пралиева оқу жылының басынан бері оқушылар арасында коронавирус індетін жұқтырудың барлығы алты жағдайы тіркелгенін айтуда. Біріншісінде оқушы мектепке барып жүрген. Ал қалған бесеуі қашықтан оқытылғаны анықталды.

"Кезекші сыныпта болған бір жайт бойынша науқаспен байланыста болған 19 адам тексеріліп жатыр. Олардың 13-і - балалар және алтауы - оқытушылар. Бәрі теріс нәтиже көрсетіп отыр. Мектепте дезинфекция жүргізілді. Балалар мен оқытушылар үйде карантинде болды және қазір сабаққа кірісіп кеткен", - дейді маман.

Ол мектеп мұғалімдері арасында коронавирус жұқтырғандар тіркелмегенін алға тартты. Сонымен қатар, балалар бақшасында да қауіпті дертті жұқтырғандар тіркелмеген. Мектепке дейінгі және балаларға арналған мекемелердің тәрбиеленушілері де коронавирус жұқтырмаған.

Сол арада ол Covid-19 мектептерден анықталған жағдайда бірден тексеріс жүргізілетінін және қажет болған жағдайда мектеп карантинге жабылатынын айтуда.

Еске салсақ, бұған дейін өткен тәулікте коронавирус пен пневмониядан елімізде төрт адам қайтыс болғанын жазған едік.

Одан бөлек, Қазақстанда бір тәулікте тағы 58 адам коронавирус жұқтырғанын жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1876833-nr-sltan-mektepterini-birinen-koronavirus-anyktaldy.html