RU

Алматыда мүгедек ұлымен қайыр тілеп жүрген жалғызбасты келіншек баспаналы болды

фото
Фото: Видеодан кадр/31 арна

Балжан Аршабекова бір апта бұрын "Сөздің шыны керек" жобасында жерасты өткелінде мүгедек ұлымен бірге қайыр тілеп жүргенін айтып, көмек сұраған. Ақыл-есі кем ұлын үйіндегі кішкентай қызымен қалдыра алмай, баласымен бірге қол жая көшеге шыққан әйелді "Харекет" қайырымдылық қоры қуантты. Әдетте, тиын түсетін бос ыдысына алдымен қомақты ақша тастап, артынша гүл сыйлай келген харекеттіктер төрт бөлмелі үйдің кілтін ұстатты деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы 31 арнадағы Информбюроға сілтеме жасап.

"Өзіме мүгедек туралы қағазды ала алмаймын, балама да ала алмаймын. Ұлым жерасты өткелінде қайыр тілейді. Шынымды айтсам, ұяламын", - деді Балжан Аршабекова.

Қала тұрғыны қызының "көшеге шықпаңдаршы" деп жалынатынын жеткізді. Бірақ басқа амалымыз болмады, дейді әйел.

Телеарна таратқан ақпаратқа сәйкес, қиын жағдайда қалған отбасының жайымен танысуға әнші Төреғали Төреәлі мен "Харекет" қайырымдылық қоры өкілдері барған. 

Қазақ эстрадасының атақты өкілі алдымен жұрт тиын-тебен тастайтын ыдысқа қомақты қаражат тастап, Балжанға гүл сыйлапты. Тек содан кейін ғана 4 бөлмелі баспананың кілтін табыс етті. 

"200-баспананың кілтін табыстау маған бұйырған еді. Сол уақытта ойлаған едім, 300-баспана қашан болады екен, оған дейін біраз уақыт бар шығар деп. Сөйтсем, көзді ашып, жұмғанша болды. "Харекет" қайырымдылық қорына Алла разы болсын", - деді өнер иесі.

"Харекет" қоры мүгедек ұлымен қайыр тілеп жүрген жалғызбасты келіншекке бұйырған 300-баспананы Алматы іргесіндегі ауылдан сатып алған. 

Естеріңізге сала кетсек, жақында Павлодар облысы Шарбақты ауданы Есілбай ауылының белсенді жастары жергілікті зейнеткерге екі бөлмелі үй салып бергенін жазған болатынбыз.

Сонымен қатар, Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауданы, Қособа ауылының тұрғындары балаларына арнап мектеп салып берді. Оқу орнының құрылысы үш жылда аяқталған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1876847-almatyda-mgedek-lymen-kajyr-tilep-zrgen-zalgyzbasty-kelinsek-baspanaly-boldy.html