RU

"Бұл - кісі өлтіру": Тергеу ғимаратынан құлаған азаматтың туыстары мәлімдеме жасады

коныспаев
Марқұм Ерлан Қоныспаев. Фото: time.kz / Қоныспаевтардың отбасылық мұрағаты

Өткен аптада Алматыда тергеліп жатқан 44 жастағы Ерлан Қоныспаев экономикалық тергеу ғимаратының терезесінен құлап кетті. Марқұмның туыстары оның суицид жасағанына сенбейді деп жазады KAZ.NUR.KZ "Время" газетіне сілтеме жасап.

Басылым тілшісі марқұмның әпкесі Гаухар және әкесі Сапарқали Ретайұлымен кездесті. Ерланды экономикалық тергеу департаментіне қойдың жүнін өңдеудің инновациялық әдісін әзірлеуге Білім министрлігі Ғылым комитетінен грант алған әкесінің фирмасы үшін шақыртқаны белгілі болды. Ол осы тақырыпқа бірнеше жыл зерттеу жүргізген.

"2018 жылы комитет шығарылған ақшаны азаматтық тәртіппен өндіру үшін сотқа жүгінді, біз қарызымызды жайлап қайтарып жатырмыз. Біз барлық шығындарды дәлелдедік (төлеп жатырмыз - ред.): жабдықтар сатып алынды, адамдар жалақы алды, бухгалтерияда бәрі дұрыс.
2020 жылдың жазында аяқ астынан, пандемия өршіп тұрған кезде маған тергеуші хабарласып, "тергеуге келіңіз, біз жымқыруды тергеп жатырмыз" деді", - дейді марқұмның әкесі.

Ерланның әпкесі Гаухардың түсіндіруінше, ата-анасы пневмониямен ауырып қалған кезде тергеуге шақырту басталған. Сол кезде ауруханаға түсу мүмкін емес болғандықтан, Ерлан емдеу ісімен өзі айналысқан. Ал Францияда тұратын Гаухар дәрі-дәрмек жіберіп отырған.

Әйелдің айтуынша, сол кезде қоңырауларға ешкім мән бермеген. Өйткені, олардың қолдарында мемлекетке ақшаны ақырындап қайтару туралы сот шешімі болған.

"Егер бұл азаматтық-құқықтық қарым-қатынастар болса, бұл қандай ұрлық болуы мүмкін?", - дейді Гаухар.

Қоныспаевтар отбасы ғылыми ортада танымал. Сапарқали Ретайұлы - профессор, ғылым докторы, әйелі - ғылым кандидаты, екеуі де сабақ береді. Олардың балалары да Еуропада білім алған. Марқұм Ерлан Францияда оқыған.

Гаухар ағасының бұған дейін сотты болғанын растады. Ол бұрын үш жыл түрмеде отырған.

"Бірақ бұл адамды жайдан-жай кінәлі еткен жағдай! Ол 51 миллион теңге ұрлаған екен (ұрлады деген айып тағылған - ред.). Осы ретте оның өз баспанасы, тіпті автокөлігі болмаған", - дейді келіншек.

Ерланның туыстарының айтуынша, тергеу күдіктіге о баста басқаша қараған. Олар мұнда Ерланның бұрын сотталғаны мен отбасының департаментке дер кезінде келе алмағаны маңызды рөл ойнағанын жоққа шығармайды.

Сапарқали Ретайұлының сөзінше, олардың қолында пневмониямен ауырғаны туралы анықтамалар бар. Ер адам ауруын растау үшін оны тергеушіге жіберген. Алайда, ол қағазды жеке өзіне әкеп беруді талап еткен.

Осыдан соң тергеуші отбасыға тінту жүргізіп, ноутбукты алып, бухгалтерлік құжаттарды талап еткен. Ерланның әкесі де экономикалық тергеу департаментіне барған.

"Менің түсінуімше, қылмыстық іс жедел уәкілдің есебі бойынша, яғни зардап шеккен тараптың мәлімдемесінсіз ашылған. Тергеуші мені жауапқа тартты, есепшіден жауап алды, тіпті жүнді өңдейтін қондырғысы бар қызметкеріме барды. Ол ешқайда жоғалып кеткен жоқ, жұмыс орнында.
Қандай ұрлық болуы мүмкін? Исаев (тергеуші - ред.) маған грант бойынша бөлінген ақшаның бір бөлігі ұрланған болуы мүмкін деп көрсетілген жеке ЖШС қорытындысын көрсетті. Бірақ барлық жағдай есеп пен күмәнді сараптамаға негізделген болып шығады", - деді марқұмның әкесі Сапарқали Қоныспаев.

Гаухардың түсіндіруінше, Ерлан әкесінің фирмасында атқарушы директор болған.

"Егер шынымды айтсам, тергеу туралы жаңалық бәрімізді таң қалдырды, өйткені бізде гранттың толық көлемін өндіру туралы сот шешімі бар", - деді әйел.

Гаухардың айтуынша, Ерлан өзі білетін адвокатқа жүгінген, ол тергеушімен жеке таныс болған және тіпті онымен істің мән-жайын түсіндіру үшін онымен кездескен. Ерлан әпкесіне қылмыс құрамы болмағандықтан, жақын арада іс тоқтайтынын айтқан.

Ерлан адвокатпен экономикалық тергеу ғимаратында 22 қыркүйек күні кешке кездесуі керек болған.

"Ол ғимаратқа кірер алдында маған "телефонымды адвокаттың көлігінде қалдырамын, мені жоғалтып алма" деген хабарлама жіберді. Кейінірек бөтен нөмірден хабарласып, "мені изоляторға қамап жатыр, тергеуші қамауға санкция берді" деді. Сөйтіп осыдан соң адвокат Тайықпанов хабарласып, Ерланның қайтыс болғанын айтты", - деді Гаухар.

Марқұмның туыстары тергеушінің кабинетінде нақты не болғанын білмейді. Алайда олар мұның суицид емес, кісі өлтіру екеніне сенімді.

"Мен биологпын, бізге бауырымның денесін берген кезде мен оны өзім қарап, денесінен іздер таптым. Одан бөлек, оның көзінің асты көгерген. Құлаған кезде ол басын қатты ұрған, бірақ бетінің басқа жағы көгерген. Сол себепті мен жерлеу рәсімін кейінге қалдырып, тағы бір сараптама жүргізейік дедім. Қосымша қаулы шығару үшін маманды өзім таптым", - деді Гаухар.

Қоныспаевтар отбасы қайтадан сараптама жасатқан. Оның қорытындысы дайын емес, дегенмен де марқұмның туыстары оның көп нәрсені нақтылайтынына сенімді. Екінші сараптамаға Гаухардың өзі де қатысқан.

Ерланның әпкесі оның отбасы, балалары болғандықтан, өзіне қол салуы мүмкін емес деп есептейді. Одан бөлек, ол тергеуден ешқандай мәселе туындамайтынына сенімді болған. Достары да Ерланның өзіне қол салуы мүмкін екеніне сенбейді.

"Сол себепті қазір суицид ретінде көрсетіп отырған іс кісі өлтіру екеніне сенімдіміз", - деді Гаухар.

Ер адамның өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Алайда мұнымен нақты қай ведомствоның айналысатыны белгісіз.

Газеттің дерегінше, полиция іс материалдарын сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке өткізген, ал олар прокуратураға қайтарып берген.

Басылым Ерланның өліміне байланысты Қаржы министрлігінің қаржы мониторингі комитетінің БАҚ-пен жұмыс басқармасынан ресми пікір алған.

Ведомство берген ақпаратқа сәйкес, ер адам терезеден секіріп кеткен. Сонымен бірге мекеме 4 жыл бұрын, 2016 жылы Ерлан Қоныспаевтың Білім және ғылым министрлігінің комитетінен 230 млн теңге көлемінде грант алғанын айтты.

"Шарт талаптарын бұзушылықтардың анықталуына байланысты, клиенттің банк шотында қалған ақшаны одан әрі жұмсауына тыйым салынғанына қарамастан, Қоныспаев 88 миллионнан астам теңгені үлестес компаниялардың есепшоттарына аударып, ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырды. Осы ретте келісім-шартта көрсетілген жұмыстар орындалмаған", - делінген комитет пікірінде.

Тергеу марқұмның адвокатының қатысуымен өткен. Ерлан іске "Аса ірі көлемдегі алаяқтық" бабы бойынша тартылған.

"Тергеу амалдары аяталған соң Қоныспаев Е.С. 2012 жылы ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталғанын ескере отырып, жаңа ауыр қылмысты жасап және келуден бірнеше рет жалтарғаны үшін тергеуші оны ҚК ҚК 128-бабы бойынша ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамау туралы шешім қабылдаған. Ұсталғаны туралы хаттама толтырылып, жеке тінту жасалған соң азамат Қоныспаев Е.С. мүмкіндікті пайдаланып терезеден секіріп кеткен", - деді комитет.

Оқиға орынан тез арада дәрігерлер келген. Алайда олар ер адамның өлгенін анықтаған. Күдіктінің өлу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сонымен бірге қаржы мониторингі бойынша комитет ішкі қызметтік тексеру жүргізеді.

Бұл ақпаратты "Издательствао "Время" ЖШС рұқсатымен ғана көшіріп, пайдалануға болады.

Еске сала кетсек, кеше марқұмның әкесі Сапарқали Қоныспаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеоүндеу жолдаған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1876852-bl---kisi-ltiru-tergeu-gimaratynan-klagan-azamatty-tuystary-mlimdeme-zasady.html