RU

Пакьяо Макгрегормен жекпе-жекке шығуға келісті

Мэнни Пакьяо боксшы
Мэнни Пакьяо. Фото: sovsport.ru

Тарихта сегіз салмақ санатында әлем чемпионы атанған жалғыз боксшы – Мэнни Пакьяо ирландиялық спортшы Конор Макгрегормен жекпе-жек өткізуге келісті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Газета.ru-ға сілтеме жасап.

Жекпе-жек бокс ережелері бойынша өтеді. 41 жастағы филиппиндік жекпе-жектен түскен қаражатты қайырымдылыққа жұмсауды жоспарлап отыр.

"Пакьяо Макгрегормен жекпе-жек өткізуді шешті. Боксшы гонорардың басым бөлігін коронавирустан зардап шеккен Филиппин халқына көмектесуге жұмсайды", – деді спортшының көмекшісі Джек Джонсон.

Айта кетейік, жақында бұрынғы UFC чемпионы Конор Макгрегор спортқа қайта оралатынын жеткізіп, бұл жолы филиппиндік боксшы Мэнни Пакьяомен жұдырықтасатынын мәлімдеген еді.

Еске салсақ, бұған дейін ирландиялық аралас жекпе-жек шебері Конор Макгрегор осымен үшінші мәрте спорттық мансабын аяқтағаны туралы мәлімдеген болатын.

Ол промоушеннан кетіп қана қоймай, бұдан былай жекпе-жек өткізбейтінін алға тартқан еді.

UFC жұлдызының бұған дейін де екі рет спорттық мансабын аяқтағаны туралы мәлімдеме жасағанын айта кету керек. Дегенмен ол біршама уақыттан кейін октагонға қайта оралған.

Сондай-ақ биыл ирландиялық аралас жекпе-жек шеберінің UFC тарихындағы табысы ең жоғары спортшылар тізімінде көш бастағанын жазғанбыз.

The Sun басылымының мәліметінше, Макгрегор әлемнің ең беделді турнирінде өткізген жекпе-жектері үшін 12 миллион доллар алған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1876855-pakao-makgregormen-zekpe-zekke-syguga-kelisti.html