RU

Нұр-Сұлтанда COVID-19 екінші толқыны кезінде іс-әрекеттер алгоритмі қандай болмақ

ковид қала 98456
Көрнекі фото: NUR.KZ / Петр Карандашов

Онлайн-брифингте астаналық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы билік COVID-19-дың болуы мүмкін екінші толқынына дайын ба деген сауалға жауап берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Тимур Мұратов жергілікті билік күзгі-қысқы кезеңде COVID-19 індетіне дайындалып жатқанын айтты. Оның сөзінше, осы сағатқа дейін көрсетілген мерзімде коронавирусты алдын алу және емдеу бойынша іс-шаралар жоспары бекітілген.

Құжатқа сәйкес, ауруы жеңіл өтіп жатқан адамдар үйде емделетін болады. Оларды, сондай-ақ, мүлде белгілері жоқтарды учаскелік емханалардың дәрігерлері бақылайды.

Сонымен қатар, 207 жылжымалы бригаданың жұмысын ұйымдастыру жоспарлануда. Олардың міндеті - үйге барып, COVID-19-ға арналған ПТР зерттеуіне жағынды алу.

Егер коронавирустың екінші толқыны пайда болса, онда қалалық ауруханалар базасында бірінші кезеңде шамамен 1645 төсекті орналастыруға болады.

Егер олардың толу деңгейі 70% -дан асса (екінші кезең), республикалық денсаулық сақтау ұйымдарының күшімен тағы 1900 төсек орналастырылады. Үшінші кезеңде, яғни, ең жағымсыз сценарийде, емханалар, жатақханалар мен қонақ үйлер ресурстарынан қосымша 2500 төсек орналастырылуы мүмкін.

Осылайша, коронавируспен ауыратын науқастар саны күрт өскен жағдайда, билік 5654 инфекциялық төсек орналастыруға уәде береді. Оның 441-і жансақтау бөліміне арналады.

"Қалада өкпені жасанды желдету аппаратының 434 данасы бар. Бірінші толқын кезінде мұндай қондырғылардың саны 185 болған. Бізге оттегі терапиясы қондырғылары да берілген. Қалада 21 компьютерлік томограф бар және қосымша 13 рентген аппараттары, 583 оттегі концентраттары сатып алынды, 1584 оттегі нүктелері қосымша орнатылды", - деді спикер.

Сондай-ақ, оның айтуынша, 170 жедел жәрдем бригадасын сапқа шығаруға болады. Жыл соңына дейін тағы 35 жаңа жедел жәрдем көлігін сатып алу жоспарланып отыр.

Мұратов қазір қалада COVID-19 үшін ПТР зерттеулерін жүргізуге арналған 13 зертхана бар екенін атап өтті. Оның жалпы қуаттылығы күніне 7 мың зерттеуді құрайды.

Сондай-ақ, бір сағат ішінде вирустың болуын анықтай алатын 9 изотермиялық зертханалық кешен сатып алу жоспарлануда.

Естеріңізге сала кетейік, елорданың бас санитар дәрігері онлайн-брифингте қалада қандай жағдайда қатаңдатылған карантин қайта енгізілуі мүмкін екенін айтты.

Ал бұған дейін өткен тәулікте коронавирус пен пневмониядан елімізде төрт адам қайтыс болғанын жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1876878-nr-sltanda-covid-19-ekinsi-tolkyny-kezinde-is-reketter-algoritmi-kandaj-bolmak.html