RU

"1 млн": Нұр-Сұлтан-Мәскеу бағытындағы рейстерге билет бағасы неге қымбат

ұшақ борты 654
Көрнекі фото: pixabay.com

Air Астана Нұр-Сұлтан-Мәскеу бағытындағы ұшақ билеттерінің неліктен бір миллион теңгеге барғанын түсіндірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Әуе компаниясының хабарлауынша, қарашаның соңына дейін елордадан Ресей астанасына бағытталған ұшақтарға орын жоқ. Бұл рейстердің аптасына бір рет орындалатынына және оларға деген үлкен сұраныстың барына байланысты болып отыр.

Мәселен, карантинге дейін екі ел арасында 181 рейсті қазақстандық және ресейлік әуекомпаниялар жүзеге асырды деп хабарлайды Air Astana баспасөз қызметі.

"Осылардың ішінен тек Мәскеуге Нұр-Сұлтан мен Алматыдан екі елдің әуекомпаниялары аптасына 56 рейсті жүзеге асырды. Яғни, бұрын аптасына 56 рейс жасаған жолаушылар ағынының көлемі аптасына екі рейске сәйкес келуі керек, олардың бірі - Air Astanа рейсі. Әрине, бұл мүмкін емес, сол себепті дүрлікпе туындайды", - деді әуе компаниясы.

Сондай-ақ, аталған рейстердегі жолаушылардың басым бөлігі билеттерді шекаралар жабылғанға дейін сатып алған. Олардың рейстері елдегі төтенше жағдайға байланысты тоқтатылған.

"Олардың арасында бұрын 91 800 теңгеге билет сатып алған жолаушылар бар.Air Astana қосымша алымдар мен тарифтер арасындағы айырмашылықты алмай, тоқтатылған рейстерге әуе билеттерін тегін қайта брондау саясатын жүргізеді", - деп хабарлады баспасөз қызметі.

Рейстердің жоғары бағаларына келетін болсақ, компания олардың Стамбулдағы аялдамасы бар бағыттарға қатысты екенін айтты. Бұл ретте Стамбулдан Мәскеуге жолаушыларды Air Astana емес, "Аэрофлот" тасымалдайды.

"Құны әр түрлі әуе компаниялардың бірнеше тарифтерін қосу арқылы қалыптасады. Сонымен қатар, эконом-класста орындардың жетіспеуіне байланысты, әуе билеттеріне арналған Интернет іздеу жүйелері бірдей нұсқаларды, бірақ бизнес-класс тарифтерімен ұсынуы мүмкін. Сонда билеттің бағасы әлдеқайда жоғары болады", - делінді Air Astana әуекомпаниясында.

Естеріңізге сала кетейік, Ресейдің Қазақстандағы елшлілігі қазақстандықтардың елге кіру ережелерін түсіндірген еді. Әуе бекеттері арқылы кез келген адам шекарадан өте алады. Дегенмен коронавирус жоқтығын растайтын анықтама болуы міндетті.

Айта кетейік, 27 тамыздан бастап Қазақстаннан Түркияға рейстер қайта жанданған еді. Елдер арасындағы әуе қатынасы тамыздың басында Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты тоқтатылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1876884-1-mln-nr-sltan-mskeu-bagytyndagy-rejsterge-bilet-bagasy-nege-kymbat.html