Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Менің есімімді хайп үшін пайдаланды: Мүгедектігі бар суретші өз шындығын жайып салды

Опубликовано:

Майлы бояулар
Фото: pexels.com

Суретшінің өз картинасын 42 500 теңгеге бағалауы карантин кезінде кірісінен айырылғандарға төленетін жәрдемақыға еш қатысы жоқ болып шықты.

Әлеуметтік желілер мен БАҚ оқырман назарын тарту үшін Қазақстандық танымал суретші, ядролық қаруға қарсы қозғалыстың көшбасшысы, Кәріпбек Күйіковтің есімін пайдаланған. Әлдебіреулер суретші карантин кезінде кірісін жоғалтуы себепті ӘСМҚ төлейтін жәрдемақыны ала алмағандықтан өз картинасын 42 500 теңгеге бағалады деп жалған ақпарат таратқан. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ порталына суретшінің өзі айтып берді.

Кәріпбек Күйіков – қазақстандық суретші. Ол Семей полигонындағы радиациялық салдарынан екі қолы жоқ болып туылған. Кәріпбек өз картиналарын ернімен және аяқ саусақтарының көмегімен салады. Сонымен бірге, ол халықаралық ядролық қаруға қарсы қозғалыстың белсенді мүшесі.

24 қыркүйек күні Кәріпбек Күйіков өзінің Facebook желісіндегі жеке парақшасында картинасын сатылымға қойып, оны 42 500 теңгеге бағалап отырғанын жариялаған. Бірнеше күннің ішінде БАҚ-та және әлеуметтік желілерде мүгедектігі бар суретшінің өз туындысын дәл осы бағада сатып отырғанының себебі ретінде оған мемлекет тарапынан еш көмек көрсетілмейтінін және карантин кезінде 42 500 теңге көлеміндегі жәрдемақыны бермей қойған деген ақпарат тарады.

"Мен ренжіп отырмын. Ешбір журналист маған хабарласқан жоқ. Тіпті хабарлама жазып, картинаның бағасы неге осындай деп сұраған да жоқ. Мәселенің ақ-қарасын анықтаған ешкім болған жоқ. Себебі, кез келген саналы адам маған мемлекет төлеп отырған мүгедектігім бойынша жәрдемақым бар екенін біледі. Сондықтан менің кірісінен айырылуы себепті төленетін 42 500 теңгені алуға құқығым жоқ екені белгілі нәрсе. Мен кірісімнен айырылған жоқпын. Ал картина бағасы бұл жәрдемақыға мүлдем қатысы жоқ», - деп өз нарызылығын білдірді суретші.

Суретшінің айтуынша, картинаны дәл осы бағамен сатуды досы ұсынған. Ал сурет шебері болса, келісе кеткен.

"Мен картинаның бағасын осылай қоюға келістім. Әр адам өз еңбегін қалауынша бағалауға құқылы», - дейді ол.

Ал Кәріпбек Күйіковке 42 500 теңге көлеміндегі жәрдемақының төленбеуіне қатысты тарап кеткен ақпарат бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі пікір білдірді.

"Мүгедектік тобына байланысты ай сайын мемлекеттен жәрдемақы төленіп отыруына және арнайы мемлекеттік жәрдемақы алып отыруына байланысты Кәріпбек Күйіковке 42 500 теңге төлемі берілген жоқ. Бұл төлемдер карантин кезінде де уақытылы төленіп отырды», - деп нақтылады министрліктегілер.

Айта кету керек, суретші, қазіргі таңда, Ардагерлер үйінде, толықтай мемлекет қарамағында өмір сүріп жатыр. Сондықтан мемлекет оған әлеуметтік қолдау көрсетуден бас тартты деген сыңайлы әлеуметтік желілердегі кей әңгімелер шындыққа жанаспайды.

ЕХӘҚМ берген ақпаратына сәйкес, шектеу шараларын енгізуге байланысты кірісін жоғалтқан азаматтарға тағайындалған 42 500 теңге көлеміндегі бірреттік әлеуметтік төлем шектеу шараларын енгізуге байланысты кірісінен толықтай айырылғаны туралы дерегі жоқ азаматтарға, оның ішінде:

  • Әлеуметтік сақтандырудың мемлекеттік қорынан төленетін зейнетақы төлемдерін, мемлекеттік жәрдемақыларды, атаулы әлеуметтік төлем, әлеуметтік төлем алушыларға,
  • жұмыспен қамту бойынша көмек алатын тұлғаларға,
  • Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 cәуіріндегі «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңына сәйкес жұмыс күші құрамына кірмейтін, шектеу шаралары кезінде алғаш рет БЖТ төлеген азаматтарға (Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 16 шiлдедегi № 283 бұйрығымен бекітілген «Шектеу іс-шараларын енгізуге байланысты кірістен айырылу жағдайы бойынша біржолғы әлеуметтік төлемді жүзеге асыру қағидаларының 6-тарауының 6-бөліміне сәйкес) берілмейді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1876892-meni-esimimdi-hajp-sin-pajdalandy-mgedektigi-bar-suretsi-z-syndygyn-zajyp-saldy/

pixel