RU

Ақтөбеде жетім баланы сабаған тәрбиеші жазадан құтылып кетті

Фото
Көрнекі фото: pexels.com

Ақтөбеде жетім баланы сабаған тәрбиеші де, сауықтыру орталығының басшысы да жауапқа тартылмайтын болды. Полиция тергеу ісін қысқартты. Жетім баланың заңды өкілі мен айыпталушы тарап өзара келісімге келген деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Шағала" сауықтыру орталығында болған оқиғаға қатысты облыстық полиция департаментімен қылмыстық іс қозғалған болатын. Қазіргі таңда қылмыстық іс қысқартылды. Себебі екі тарап келісімге келді", - дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Елді шошытқан оқиға көктем айында тіркелген болатын. Әлеуметтік желі арқылы көпшілікке шипажайдағы жантүршігерлік әрекеттер тарады. Жеткіншекті қолындағы сүлгімен аяусыз ұрған тәрбиеші желіде жұлдыз болғаннан кейін жұмыстан қуылды. Облыстық білім басқармасының мамандары тәрбиешіден кейін ешкімнің жауапқа тартылмағанын растайды.

"2020 жылдың 1 наурызында "Шағала" балалар сауықтыру орталығында тәрбиешінің балаға күш көрсеткені туралы бейнеролик интернет желісінде  жарияланды. Осы жағдайға байланысты 4 наурыздан бастап моральдық жағдайға қайшы әрекетке барған тәрбиешілері Еңбек кодексі 52-бабы 14- тармағына сай жұмыстан босатылды. Тәрбиеленуші қазір "Күншуақ" сауықтыру орталығында. Сотқа дейіңгі тергеу амалдары екі жақтың өзара келісуіне байланысты тоқтатылды. Орталықтың бас дәрігері қызметінде",- деп хабарлайды облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Мырзағалиева.

Тәрбиешіден таяқ жеген жетім бала қазір басқа сауықтыру лагерінде 3-сыныпта онлайн білім алып жүр.

"Қазір баланың жағдайы жақсы. Артық қылығы жоқ. Жүгіріп ойнап жүр. Қырсық мінезі жоқ. Оқшауланбайды, балалармен бірге ойнайды", - дейді "Күншуақ" сауықтыру лагерінің басшысы Кенжеғазы Байғазин.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1876897-aktbede-zetim-balany-sabagan-trbiesi-zazadan-ktylyp-ketti.html