RU

Павлодар облысының бас дәрігері қызметінен босатылды

Фото
Фото: astana.gov.kz

Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Біржан Досмаилов өз қалауымен қызметінен кетті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Бұл туралы өңір әкімдігінің баспасөз қызметі Telegram-арнасында жария етті.

"Біржан Досмаилов өз қалауымен Павлодар облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметінен босатылды. Басқарма басшысының міндетін атқару басшының орынбасары Айдар Ситқазиновқа жүктелді", - делінген хабарламада.

Айта кетейік, Досмаилов Павлодар облысының Денсаулық сақтау басқармасына басшылық қызметке биылғы 5 наурызда тағайындалған еді. Оған дейін, яғни 2017 жылдан бастап, 2020 жылдың 4 наурызына дейін Нұр-Сұлтан қаласының №2 қалалық көпсалалы балалар ауруханасының директоры қызметін атқарды.

Естеріңізге сала кетейік, Рудный қаласының әкімі Бақытжан Ғаязов қызметінен кеткенін жазған едік.

Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, шенеунік отставкаға кету туралы өтініш жазған және оның өтінішін Қостанай облысының әкімі мақұлдаған.

Ол бұл қызметті 2011 жылдың маусымынан бастап, яғни 9 жылдан астам уақыт бойы атқарып келген. Шенеуніктің мұндай шешімге неліктен келгені белгісіз.

Қазір қала басшысының міндетін бұған дейін орынбасар болған Е.Скаредина уақытша атқарады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1876917-pavlodar-oblysyny-bas-drigeri-kyzmetinen-bosatyldy.html