Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Телефоннан көз жұмған қыздың жақындары оқиғаның мән-жайын айтып берді

Опубликовано:

Ұялы телефон
Фото: pixabay.com

Алматы облысында телефонды қуаттамақ болған 15 жастағы қыз тоқ соққаннан көз жұмған болатын. Қыздың жақындары қайғылы жағдайдың егжей-тегжейін айтып берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ порталы КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Алматы облысында қуаттағышта тұрған мобильді құрылғы 15 жастағы қызды өлтірді. Ол смартфонын тоқ көзіне қосқан күйі сыныптасымен сөйлесіп жатқан болатын. Кенет тоқ соғып, сол жерде көз жұмыпты.

Балқып кеткен телефон мен қуаттағыш құрылғы сараптамаға жіберіліп, тергеу жүргізілуде. Телефоннан қаза тапқан Ақерке – Қарғалы ауылының тұрғыны. Қайғылы жағдай өткен сенбіде болған. Қызды тоқ соққанын көрген жақындары дереу жедел жәрдем шақырады. Өкінішке қарай, 10-сынып оқушысы оқиға орнында тіл тартпай кеткен.

"Телефоны балқып кеткен, телефонның іздері бетінде қап-қара болып тұр. Телефон арқылы тоқ ұрып, құлақ жағынан миына әсер еткен, миынан бірден жүрекке барған. Жүрегі сол кезде тоқтаған деді ғой", - деп есіне алды марқұмның әкесі Ақылжан Өмірбаев.

Баласынан айырылып, қара жамылған әке үйдегі электр желісінде ешқандай ақау болмағанына сенімді. Сол күні басқа ешқандай техника күймеген екен. Ол қайғылы жағдайға сапасыз қуаттағыш себеп болды деп топшылап отыр.

Соңғы телефон қуаттағышын қыз бала ауыл ішіндегі базардан бір ай бұрын сатып алған екен. Мұндай жерлерден смартфонның кез келген түріне қуаттағыш табылатынына қарамастан, оның сапасы мен қауіпсіздігіне ешкім кепіл бермейді. Сол себепті, ұялы телефон жөндейтін мамандар қуаттау құрылғысын кез келген жерден сатып алмау керегін ескертеді.

"Мұндай жағдай көбіне сапасыз қуаттағыш қолданғаннан, құрылғыны дұрыс пайдаланбағаннан, не болмаса жасырын зауыт ақауынан болуы мүмкін. Сондықтан, қуаттағыштың түпнұсқасын қолдану керек. Не болмаса, ең сапалысын таңдау қажет", - дейді телефон жөндеуші Александр Гросс.

Сол арада ІІД өкілі бұл жайтқа қатысты түсініктеме берді.

"Алғашқы болжам бойынша, қыз қуатталып тұрған телефон арқылы тоқ алған. Қазір аталған дерек бойынша адам өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Тиісті сот-медициналық сараптама тағайындалды", - дейді Алматы облыстық ПД ресми өкілі Ақбота Қуанышбекқызы.

Қаза болған қыз бала жер қойнына тапсырылды. Ол бір айдан кейін 16 жасқа толуы тиіс болатын.

Еске салсақ, бұған дейін біз әлеуметтік желіде Алматы облысында 9-сынып оқушысы телефонның жарылуы салдарынан қайтыс болды деген хабар тарағанын жазған едік.

Одан бөлек, Алматы облысында телефонын қуаттау үшін токқа қосып, ұйықтап қалған оқушы қыздың көз жұмғанын жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1876943-telefonnan-kz-zmgan-kyzdy-zakyndary-okigany-mn-zajyn-ajtyp-berdi/

pixel