RU

Жамбыл облысында есірткі сатқан қылмыстық топтың 9 мүшесі қолға түсті

түрме
Көрнекі фото: www.centralasian.org

Жамбыл облысында Қырғызстаннан есірткі тасымалдаумен айналысқан қылмыстық топтың тоғыз мүшесі сотталды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Сотталушыларға 10 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.

Еске сала кетейік, 2019 жылдың қаңтар айында Жамбыл облысында полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері өңірдегі Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, Қырғызстаннан Қазақстанға аса ірі көлемде "марихуана" есірткі затын тасымалдаумен айналысқан адамдарды әшкерелеп, ұстаған болатын.

Облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Нұржан Қалметовтың айтуынша, тінту шаралары барысында ұсталғандардан жалпы салмағы 100 келі марихуана анықталған.

"Алдын ала тергеу нәтижесінде топ басшылары мен мүшелері шекарада марихуана сатып алып отырғандығы анықталды, оны сату үшін Нұр-Сұлтан қаласына жіберіп отырған", - дейді Қалметов.

Жыл басынан бері облыс бойынша есірткімен байланысты 508 қылмыс тіркелген.

Заңсыз айналымнан 2,5 тоннадан астам түрлі есірткі заттары, оның ішінде 1,5 келі героин, 55 келі гашиш және 2,5 келіден астам синтетикалық есірткі заттары тәркіленді.  

Айта кетейік, Түркістан полицейлері Нұр-Сұлтан қаласы мен Жамбыл облысының тұрғындарын 700 келі есірткімен ұсталғанын хабарлаған едік.

Сондай-ақ, Түркістан облысында ер адам көшеде есірткі қолданып тұрған жерінен ұсталған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1877195-zambyl-oblysynda-esirtki-satkan-kylmystyk-topty-9-msesi-kolga-tsti.html