RU

Сағынтаев Алматыдағы барлық үйге жылу қашан берілетінін айтты

Жылу
Көрнекі фото: tochkanews.ru

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев "Алматы" телеарнасына тікелей эфирде сұхбат беріп, оңтүстік астанада үйлерге жылу қашан берілетінін айтып берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Тікелей эфир барысында Сағынтаевқа "Алматы" телеарнасының студиясы арқылы Әуезов көшесінің бойындағы екі үйдің тұрғындары сауал жолдады. Олар 28 қыркүйек күні жылу беру маусымы басталып кеткеніне қарамастан, үйлеріне әлі жылу келмегенін айтқан.

Әдеттегіден екі апта бұрын басталуы тиіс жылу маусымына қатысты Алатау ауданының тұрғындары да әкімге сауалдарын жаудырған екен.

Қала басшысы Алматыда жылу маусымы екі апта бұрын басталып кеткенін растап берді. Айтуынша, бұған дейін жылу тек 15 қазан күні беріліп келген. Алайда қаладағы температуралық режимге мән берген билік маусымды ерте бастауды ұйғарған.

"Суық тию мен тұмау коронавирустың әсерінен күрделене түсетінін айтып жүргенімізді есепке ала отырып, тұрғындардың суық үйлерде түнде тоңып қалуын болдырмағанымыз абзал. Өйтпеген жағдайда емханалар мен стационарларға жүгінетіндердің саны артып кетер еді. Сол себепті, бұл мәселені ерте қолға алып, дүйсенбі бұл туралы (жылу маусымы басталғаны жайлы - ред.ескертпесі) хабарлаған едік" - дейді әкім.

Сағынтаев барлық әлеуметтік нысандарда жылу толыққанды берілгенін алға тартып, тұрғын үйлерге жылу беруге де дайындық 100 пайыз екеніне сендірді. ПИК-тердің бәрі қала әкімшілігіне есеп берген екен.

"Жүйе бір сәтте барлық "краниктерді" бір сәтте ашып, іске қоса алмайды. Сол себепті, бәріне бірдей тез арада жылу бере алмайтынымызға кешірім сұраймын. Бұл уақыт еншісіндегі мәселе, тек техникалық тұрғыдан. Апта соңына дейін барлық қала қосылады, балрық үйлер" - деп уәде етті әкім.

Еске салсақ, бұған дейін біз тұрғын үйлердің жанынан қазылған зират алматылықтардың мазасын қашырғанын жазған едік.

Одан бөлек, Сағынтаев сауда орталықтарындағы сұлулық салондарының ашылу мүмкіндігін сөз еткенін жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1877199-sagyntaev-almatyda-jlerge-kasan-zylu-beriletinin-ajtty.html