RU

Ақтөбеде ата-анасы шарқ ұрып іздеп жүрген жалғыз ұлдың денесі табылды

Іздеу Самұрат1
Фото: Отбасы мұрағатынан

Ақтөбеде бір айдан бері хабарсыз кеткен 25 жастағы Самұрат Есетовтың денесі қала іргесіндегі өзен бойынан табылды деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Полиция мәліметінше, дене ұзақ уақыт өзен бойында жатып қалған. Алғашқы сараптау қорытындылары марқұмға зорлық көрсетілмеді деген нәтиже шығарды.

"28 қыркүйек күні кешкі сағат 18:00 шамасында Елек өзенінің жағасынан із-түссіз жоғалып кеткен 25 жастағы жігіттің денесі табылды. Дене ұзақ уақыт жатып қалған. Марқұмның денесінде жарақат белгілері жоқ. Сол жерден ұялы телефоны табылды. Қазіргі уақытта сараптама тағайындалды. Зорлық-зомбылық белгілері табылған жоқ",- деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Естеріңізге салсақ, Самұрат Есетов 25 тамыз күні үйінен түскі мезгілде жұмысқа кеткеннен кейін оралмаған. Жалғыз ұлын шарқ ұрып іздеген анасы баласының бұрын мұндай әрекетке бармағанын айтқан болатын. Анасы қаралы хабар жеткен күнге дейін отбасы құрмаған ұлының оралатынына сенді. Бүгін Ақтөбе қаласында марқұмды жерлеу рәсімі өтеді.

Іздеу Самұрат1
Самұрат Есетов анасымен. Фото: Отбасы мұрағатынан

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1877206-aktbede-ata-anasy-sark-ryp-izdep-zrgen-zalgyz-ldy-denesi-tabyldy.html