RU

Халық кедейленіп кеткенін айтқан мәжілісмендер дабыл қақты

Азат Перуашев
Азат Перуашев. Фото: Ақжол

Қазақстан халқы күн санап кедейленіп жатқанын айтқан мәжілісмендер отырыста дабыл қақты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ порталы КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Коронавирус кезінде халықтың жағдайы нашарлап, жұмыссыздықтың көбеюі, несие бойынша қарызға батқандар қатарының артуы салдарынан елімізде кедейлік деңгейі түспей тұр.

Дағдарыс салдарынан қиындыққа тап болған қазақстандықтардың несиесін кешіруді, тым болмағанда, несие пайызын төмендетуді биліктен сұраған төменгі палата депутаттары елде «несие кешірілсін» деген әңгіме соңғы кезде желдей есіп жүргеніне назар аударды.

Дүниежүзілік банктің мәліметіне сәйкес, елімізде кедейшілік деңгейі бір жарым есеге артып, кедейлердің саны 2,3 млн-нан асып түседі. Мәжілісмендер бұл жайтқа алаңдаушылық білдіруде.

"Еліміздің әрбір сегізінші азаматы кедейшіліктің зардабын тартып келеді. Бұл мұнай өндіруші мемлекет үшін масқара! Оған жол беруге болмайды. Сондықтан халықтың кредиттік рақымшылықты өткізуге қатысты талабын түсіну керек", - дейді мәжіліс депутаты Азат Перуашев.

Оның айтуынша, тұрғындар екінші деңгейлі банктердің несиелік үстеме пайыздары тым жоғары болуы кесірінен тығырыққа тірелуде.

Дәл осындай тұтынушылық кредиттің құрбаны болған Қаламқас есімді келіншек бүгінде несиеден қашып жүр екен. Күйеуінің еміне алынған 2 миллиондай теңгені төлей алмай жүрген ол былтыр рақымшылыққа да ілінбегенін айуда. Ол үшінші топтағы мүгедектер сол мүмкіндіктен құр алақан қалғанына өкпелі екенін алға тартты.

"Үшінші топқа көп жағдай жасалмаған. 30 жылдан асты, сол бір заң болды. Не үй де берілмейді. Жеңілдікпен берілген зейнетақы 34 мың ғана. Ол денсаулығына байланысты алды. Бізге жедел түрде ақша керек болды. Жалақысы дер кезінде бермеді. Несие алдық, содан кейін дағдарыс басталды, коронавирус келді. Төлеу қиын болып кетті", - дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Қаламқас Балташева.

Депутаттар болса несие тарихы проблемасын «шенеуніктер шешу керек» деп отыр.

"Жеке тұлғалардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру бағдарламасын әзірлеу және қабылдау қажет. Банктер қарыз алушылардың кедейлігі мен қаржылық сауатсыздығын пайдаланып, оларды қарызға батырады. Қарыздан шығу мүмкін болмай қалады. Ал халықтың тұтынушылық несиелерінің 98 пайыздан астамы үш миллион теңгені құрайды. Сондықтан оңалту 90 күннен артық кешіктіріліп, үш миллион теңгеге дейінгі тұтынушылық несиелерге қатысты болуы керек", - дейді мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов.

Ал еліміздің экономист-сарапшылары болса, «одан да билік халықтың тұрмысын жақсартуы тиіс» дейді.

"Несие тарихын мүлдем құртудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Тікелей бұл мәселені шешу үшін экономикада даму болып, жаңа жұмыс орындары ашылып, азаматтардың жұмыс табатындай, табыс табатындай мүмкіндігі болса, банктен несие алмайды деп ойлаймын", - дейді экономика сарапшысы Меруерт Махмұтова.

Депуттаттар несиені кешіру үшін алдымен барлық ипотекалық, тұтынушылық кредиттер мен шағын және орта бизнеске арналған кредиттердің пайыздық үстемесін 7-8%-ға дейін төмендетуді сұрап отыр. Сондай-ақ, «Жеке тұлғалардың банкротқа ұшырауы туралы» заң жобасын енгізу қажет деген пікірде. Депутаттық сауалға атқарушы билік қалай жауап беретіні әзірге белгісіз.

Еске салсақ, бұған дейін отандық сарапшы вирус салдарынан елде кедейлер саны 2 млн-нан асатынын айтқан болатын.

Одан бөлек, елімізде жаңа баспана құны қаншалықты қымбаттағаны айтылған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1877223-halyk-kedejlenip-ketkenin-ajtkan-mzilismender-dabyl-kakty.html