RU

Қазақстанға келетін жолаушыларға жаңа талаптар енгізілді

Ұшақ
Көрнекі фото: pexels.com

Көліктегі бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Садуақас Байғабулов Қазақстанға халықаралық рейстермен келетін қазақстандықтар мен шетелдік азаматтарға қолданылатын талаптарды тізіп берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Қазіргі уақытта көліктегі санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары әуе компаниялары мен әуежайлардың өкілдерімен бірлесе екінші санаттағы (21 мемлекет) елдерден қазан айынан бастап әуе рейстерімен Қазақстанға келетін адамдар үшін қосымша талаптарды енгізу жағдайындағы жұмысты ұйымдастыру мәселесін пысықтап жатыр", — деді Сәдуақас Байғабылов.

Айта кетейік, екінші санатқа Швейцария, Ұлыбритания, Польша, Италия, Мажарстан, Аустрия, Нидерланд, Швеция, Румыния, Чехия, Грекия, Түркия, БАӘ, Сауд Арабиясы, Үндістан, Армения, Ресей, Өзбекстан, Украина, Қырғызстан, Тәжікстан елдері енгізілген.

Осы орайда шетел азаматтарында мемлекеттік шекарадан өту кезінде үш күннен аспайтын мерзімдегі коронавирусқа теріс нәтиже туралы анықтама болуы керек.

Бұл талап ескерілмесе, олар сапарлайтын әуежайдан ұшақ бортына қабылданбайды.

Ал ел азаматтарында анықтама болмаса, онда олар келген бойда борттан ПТР анализ тапсыру үшін екі күндік карантинге стационарға орналастырылады.

Өңірлерде осы мақсаттарға арналған тиісті стационарлар дайындалды.

Аталған жаңашылдықтарды енгізу датасы жайында қасымша ақпарат таратылатын болады.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанның денсаулық сақтау министрі кеше үкімет отырысында әуе қатынасы жанданған елдермен рейстерді ұлғайтпауды ұсынды.  

Cонымен қатар, Алексей Цой қазақстандықтардың карантиндік-санитарлық талаптарды сақтамауы қатаң карантиннің қайта енгізілуіне әкеп соғуы мүмкін екенін жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1877306-kazakstanga-keletin-zolausylarga-zaa-talaptar-engizildi.html