RU

Базардағы құс өнімдерін тұтыну қаншалықты қауіпті: Министрлік өкілдері жауап берді

Құс еті
Фото: © Sputnik / Алексей Даничев

Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Тұрсын Қабдолданов базарлардағы құс өнімдерін тұтыну қауіпті ме деген көптің көкейіндегі сауалға жауап берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Өнімнің базарда сақталуын, сатылу тәртібін күнделікті бақылап отыратынын алға тартқан Тұрсын Қабдолданов базарлардағы құс өнімдерінің қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілгенін мәлімдеді.

"Нарықтағы, базардағы өнімдердің қауіпсіздігі қамтамасыз етілген. Олар базарларға жеткенге дейін ветеринарлық ілеспе қағаздармен бірге келеді. Ілеспе қағазды берген кезде ол өнімдердің барлығы тексеріледі. Өндірілген өнімді тексеретін зертхананың сараптамасы болғаннан кейін оған ветеринариялық анықтама беріледі", - деді Қабдолданов.

Оның сөзіне сенсек, құс тұмауымен ауырған адам елімізде тіркелмеген.

Айта кетсек, Қазақстанда құс тұмауының ошағы алдымен Ресеймен шекаралас облыстарда анықталған болатын. Кейіннен құс тұмауы елдің өзге облыстарына тарап, 48 елдімекенде карантиндік шара енгізілді.

Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған ақпаратқа сәйкес, қыркүйектің соңында Жамбыл, Ақтөбе, Түркістан, Қарағанды облысы мен Шымкент қаласында құс өлімі тіркелмеді. Солтүстік Қазақстан мен Павлодар, Қостанай облысында қырылған құстың саны азайған.

Еске салсақ, бұған дейін біз Қазақстанның алты облысында құс тұмауына байланысты карантин енгізілгенін хабарлаған болатынбыз.

Сонымен қатар елімізде құстардан бөлек жылқылар қырылып жатқанын жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1877432-bazardagy-ks-nimderin-ttynu-kansalykty-kauipti-ministrlik-kilderi-zauap-berdi.html