RU

Рудный қаласы әкімінің қызметінен кету себебі белгілі болды

Рудный1
Бақытжан Гаязов. Фото: instagram.com/akimat_rdn

Күні кеше Рудный қаласының әкімі Бақытжан Ғаязов қызметінен кеткен болатын. Бұған дейін ол өзі қызметінен кету туралы өтініш жазған. Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі оның кету себебін атады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі атап өткендей, Қостанай облысының Рудный қаласының әкімі Бақытжан Ғаязов бұл қызметті 2011 жылдан бері атқарып келді. Алайда, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ол қарамағындағы қызметкер сыбайлас жемқорлық үшін сотталғандықтан, жұмыстан кетуге мәжбүр болды.

"13 қыркүйекте оның тікелей бағынушысы – Қашар ауылының әкімі Арман Алдоңғаровқа қатысты үкім заңды күшіне енді", – деп түсіндірді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет.

Айта кеткен жөн, Бақытжан Ғаязовтың қызметінен кетуі туралы ақпарат 29 қыркүйекте пайда болды. Оның мәлімдемесіне Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов қол қойды. Бұған дейін бұл шешімнің нақты себебі жарияланбаған болатын.

Шілде айында Рудный қаласы әкімі аппаратының басшысы Азамат Ысқақов өзінің қызметінен кететінін мәлімдеді. Бұл да Қашар кентінің әкіміне қатысты жүргізілген тергеумен байланысты болды.

Шенеунік соттың үкімін күтпеді және мұндай жағдайда оның жетекші орынды иеленуге моральдық құқығы жоқ екенін ескеріп, қызметінен кетуге шешім қабылдаған.

Еске салсақ, Рудный қаласының сол кездегі әкімі Бақытжан Ғаязов шуға айналған 330 млн теңгелік шолу дөңгелегіне қатысты іске куәгер ретінде жауап берген еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1877508-rudnyj-kalasy-kimini-kyzmetinen-ketu-sebebi-belgili-boldy.html