RU

Тоқаев қорғаныс министріне бірқатар маңызды тапсырма берді

ермекбаев тоқаев
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевты қабылдап, есебін тыңдады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

Қазақстан президенті – Қарулы Күштердің Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа армияның әскери және шұғыл әрекеттерге дайындығы, азаматтарды әскерге шақырудың күзгі науқанының барысы, сондай-ақ, Алматы облысында өтіп жатқан бітімгершілік оқу-жаттығу жиыны жөнінде қорғаныс министрі есеп берді.

Мемлекет басшысы Қорғаныс министрлігінің алдына бірқатар міндет қойды.

Соның ішінде Қарулы Күштерді қалыптастыру тұжырымдамасын әзірлеу кезінде Қазақстан армиясының радиациялық және химиялық қорғанысына қажетті құрал-жабдықтардың заманауи түрлерімен жабдықталуына, әскери-көлік авиациясы мен инженерлік әскерді күшейтуге, инфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аударуды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық әскери ынтымақтастықты дамытуға, кадрлық саясат пен әскеріміздің қысқы маусымға дайындығына қатысты бірқатар тапсырма берді.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін мемлекет басшысы АҚШ президенті Дональд Трамп пен оның жұбайы Меланияның коронавирустан тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірген болатын.

Бұл туралы Қазақстан президенті twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

"Президент Трамп пен оның жұбайы Меланияның коронавирустан тезірек сауығып кетуіне шын көңілден тілектестік білдіремін", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1877569-tokaev-korganys-ministrine-birkatar-mayzdy-tapsyrma-berdi.html