RU

Коронавирустан көз жұмған дәрігерлердің небәрі 13 пайызына өтемақы төленген

тәж546
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Коронавирусқа шалдыққан медицина қызметкерлерінің 14, ал індеттен көз жұмған дәрігерлердің 13 проценті ғана тиісті өтемақысын алған. Бүгін Мәжілісте «Нұр Отан» партиясы фракциясының кеңейтілген отырысында осы мәселе ұзақ талқыланды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.

Жиынға арнайы шақырылған денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдің мәліметінше, барлығы 8 мың 333 медицина маманы жұмыста жүріп коронавирус жұқтырған, ал олардың 4 мың 64-і ғана өтемақы алуға өтініш тапсырған.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин пандемия басталғалы жарты жыл өтсе де, өтемақы әлі толық төленбегенін, тіпті кей дәрігер ауырғанын растай алмағанын сынады. Мәжіліс спикерінің айтуынша, оған себеп өтемақыны беру тәртібі қағазбастылыққа айналған.

Науқас өтінішімен қоса 5 жыл бұрын барлық инфекцияға жасалған эпидемилогиялық картасын қоса тапсыруы тиіс. Бұған қоса өңірлік комиссиялар уақытылы құрылмаған, жұмыстағы жүйесіздік және бар. Жиынға өтемақыларын ала алмаған дәрігерлер де шақырылды. Осылайша өтемақы мәселесінің шешімі де нақтыланды.

«Нұр Отан» партиясы фракциясының депутаттары үкіметке президент тапсырмасын аяғына дейін орындауын талап етті. Өкілетті органдар 30 күннен кейін істің нәтижесі бойынша Мәжіліс алдында есеп береді. 

"Коронавирус пандемиясы кезеңінде мемлекеттік аппараттың шешімдері кәсіби әрі шұғыл түрде жасалуы тиіс. Оған «Нұр Отан» партиясының көшбасшысы – Елбасы және Мемлекет басшысы үнемі жіті көңіл бөледі.

COVID-19 ауруын жұқтырған дәрігерлер мен дерттен көз жұмған медицина қызметкерлерінің отбасына өтемақының төленбеуі әлеуметтік сала министрліктері арасында нақты өзара ықпалдастықтың жоқтығын, жұмыстың жүйелі ойластырылмай жасалғанының нәтижесі.

Дәл қазір пандемия кезеңінде медицина мамандарын қолдау жөніндегі ел Президентінің тапсырмаларын орындау үшін жіберілген қателіктерді түзету өте маңызды",- деді Нұрлан Нығматулин.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1877595-koronavirustan-kz-zmgan-drigerlerdi-nebri-13-pajyzyna-temaky-tlengen.html