RU

Шымкентте бір жасар қызды пойыз қағып кетті

Шымкентте бір жасар қызды пойыз қағып кетті
Көрнекі фото: piqsels.com

Шымкентте пойыз қағып кеткен бір жасар қыздың жағдайы туралы белгілі болды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы КТК арнасына сілтеме жасап.

Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасының хирургі Бердалы Сүлейменовтің телеарна тілшісіне айтқанындай, бала жарақаттық және геморрагиялық шок жағдайында ауруханаға жатқызылды.

"Ауруханаға жеткізілген кезде санасы коматозды күйде болды. Диагноз: бастың ашық жарақаты", – деген Сүлейменов нәресте бірден жансақтау бөліміне жіберілгенін айтты.

Тексеруден кейін балада церебральды қан кету және гематома бар екені анықталды. Дәрігерлер бас сүйекті трепанациялады. Зардап шеккен қыз әлі де ауыр халде, оны қарапайым бөлімге ауыстырған жоқ, әзірге жансақтау бөлімінде жатыр.

Тілші қайғылы оқиғаның жай-жапсарын да анықтай алды. Бала үйдің жанында ойнап жүрген екен, ал үлкендер баладан көз жазып қалған сәтте, бүлдіршін қыз жолға жүгіріп шығыпты. Теміржол қоршалғанымен, оның қақпасы ашық болғаны атап өтілді. Нәтижесінде қыз пойыздың астына түскен.

Жергілікті тұрғындар бұған дейін де осындай оқиғалар болғанын атап өтеді. Бұған дейін осы жерде жас баланы пойыз қағып кеткен. Қала тұрғындары осы жерден көпір салып, жолдан қоршауды талап етеді.

Дереккөз: КТК арнасы

Еске салсақ, Оралда әйел адамды пойыз қағып кетті. Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткендей, оқиға бүгін Желаев жолы мен Ружейников көшесі қиылысындағы теміржол өткелінде болған.

Оған қоса, Қызылордада теміржолды кесіп өтпек болған 26 жастағы жергілікті тұрғынды "Қызылорда-Петропавл" жолаушылар пойызы басып кеткен. Соның салдарынан ол оқиға орнында қаза тапты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1877686-symkentte-bir-zasar-kyzdy-pojyz-kagyp-ketti.html