RU

Қырғызстанда Жогоргу кенеш сайлауы өтіп жатыр

Қырғыз1
Сайлау учаскесі. Фото: Dosakiev Sultan/Anadolu Agency via Getty Images

Қырғыз Республикасында Жогорку кенеш депутаттарын сайлау өтіп жатыр деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Azattyq.org-ке сілтеме жасап.

Бүгін, 4 қазан күні Қырғызстан халқы ел парламенті Жогоргу кенештің 7-шақырылымын құрайтын депутаттарына дауыс беріп жатыр. Сайлау учаскелері таңғы сағат 8.00 уақытында ашылып, 20.00-ге дейін жұмыс істейді.

Биылғы дауыс беру коронавирус пандемиясына тап болып, арнайы алгоритм бойынша өтіп жатыр: сайлау учаскесіне кіреберісте дауыс берушілердің дене қызуы өлшеніп, маска мен медициналық қолғап таратылып жатыр. Дауыс берушілер қашықтық ұстануы тиіс.

Қырғыз1
Сооронбай Жээнбековтың дауыс беру сәті. Фото: Dosakiev Sultan/Anadolu Agency via Getty Images

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлау учаскелерінің бәрі індеттен қорғану заттарымен жабдықталған. Бұл күні үкіметте сайлау учаскелеріндегі мәселелер бойынша колл-центр жұмыс істейді. Адамдар оған қоңырау шалып, электр энергиясының, интернеттің жоқтығы, сайлау комиссиясы мүшелері мен бақылаушылардың маска режимін ұстанбауы, санитарлық нормалардың орындалмауы секілді мәселелер бойынша хабарласа алады.

Сайлауға 16 партия қатысып отыр. Оларға 3,5 миллион қырғыз азаматы дауыс береді. Дауыс беру 2475 учаскеде жүреді, оның 35-і шетелде орналасқан. Бір күн бұрын 29 мың адам дауыс беріп үлгерді.

Жогоргу кенеш сайлауының қалай өтіп жатқанын 43 елден келген 277 байқаушы бақылайды.

Еске салсақ, бұған дейін Қырғызстанның Ош облысындағы Араван ауданында депутаттардың сайлаушылармен кездесуі жаппай төбелеспен аяқталғаны туралы жазған едік.

Оған қоса, Қырғызстан бақылау-өткізу пункттерінде санитарлық талаптарды күшейтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1877695-kyrgyzstanda-zogorgu-kenes-sajlauy-tip-zatyr.html