RU

Қызылордада мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

Жылқы1
Көрнекі фото: piqsels.com

Қызылорда облысында мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ ұсталды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

Қылмыстық топ алты адамнан құралған. Олар 2017-2018 жылдары және биылғы жылдың шілде-тамыз айларында малдарды қолды еткен. Нәтижесінде жергілікті тұрғындардың 28 бас жылқысы мен 11 мүйізді ірі қарасын ұрлап, оларды сатып жіберген.

"Мал иелері аудандық полиция бөліміне арызданды. Полиция қызметкерлері қылмысты ашу бағытында жедел жұмыстар жүргізді. Сол іс-шара барысында күдіктілер қолға түсті. Қазір полицейлер олардың өзге де қылмыстарға қатыстылығын тексеруде.

Бұл бойынша Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігінің 1-тармағымен және 188-1 бабы 3-бөлігінің 1-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Екі күдіктіге қатысты аудандық сотпен 2 айға "күзетпен ұстау" бұлтартпау шарасы қолданылды. Қалғанына бұлтартпау шарасын қолдану мәселесі қаралуда", – деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспаөз қызметі.

Ведомство өкілдері тұрғындар малдарды бақылаусыз қалдыратынын айтады. Сондай-ақ, полицияға кеш арызданады.

Еске салсақ, Семейде мас күйінде пәтерге ұрлыққа түсіп, үй иесіне қол жұмсаған әскери қызметкер қолға түсті.

Оған қоса, 61 жастағы әйел Қарағанды ​​облысы Жезқазған қаласының полиция бөліміне арызданды. Айтуынша, өзі жұмыс істейтін дүкендегі кассадан белгісіз біреу ақша алып кеткен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1877697-kyzylordada-mal-rlygymen-ajnalyskan-kylmystyk-top-staldy.html