RU

Елордадағы карантин мен блок-бекет: Тиісті мекеме желідегі хабарламаға жауап берді

блок-бекет 12
Көрнекі фото: NUR.KZ / Петр Карандашов

ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті Whatsapp мессенджерінде тараған кезекті жалған ақпарат жайлы мәлімдеді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ COVID-19 болдырмау жөніндегі ВАК Telegram парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.

ҚР ДСМ ТКҚСҚБК WhatsApp қолданушылары арасында кеңінен тараған аудиожазбаға қатысты пікір білдірді. Аудиохабарламада Нұр-Сұлтан қаласы 15 қазаннан бастап карантинге жабылатыны және қала маңына блок-бекеттер қойылатыны айтылады.

"Аталған ақпарат шындыққа жанаспайды, бүгінде 15 қазаннан бастап Нұр-Ссұлтан қаласын жабу және қала периметрі бойынша блок-бекеттер қою мәселесі қарастырылып жатқан жоқ",- деді ТКҚСҚБК.

Сонымен қатар, мекеме азаматтарды әлеуметтік желідегі жалған ақпаратқа ермеуге, тек ресми дерекөздерге сенуге шақырды. Ведомствоаралық комиссия көрінеу жалған ақпарат таратқандар ҚР ҚК 274- бабы бойынша жауапқа тартылатынын еске салады.

Айта кетейік, осыған дейін елдің Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің Қазақстан Республикасы мемлекеттік шекарасындағы өткізу пункттерінде коронавирус инфекциясы таралуын алдын алу жөніндегі шараларды одан әрі күшейту туралы қаулысы шықты.

Қаулыға сәйкес, 6 қазаннан бастап жолаушылар тасымалындағы тәртіптер өзгеріп, карантиндік талаптар күшейтіледі.

Жаңа қаулының тәртібі бойынша, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын адамдар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен кезде кем дегенде 72 сағат бұрын алынған ПТР әдісімен COVID-19-ға тесттен өткені туралы анықтама болмаған жағдайда кіруге жіберілмейді.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасына шетелден авиарейстермен келетін барлық адамдар термометриядан, сауалнамадан өтеді және Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын кесіп өткен кезде кем дегенде 72 сағат бұрын алынған ПТР әдісімен COVID-19-ға тесттен өткені туралы анықтаманы ұсынады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1877733-elordadagy-karantin-men-blok-beket-tiisti-mekeme-zelidegi-habarlamaga-zauap-berdi.html