RU

"9 адам қаза тапты": Атырау облысында жантүршілерлік жол апаты болды

ФОто
Оқиға орнынан фото: Ақ Жайық

4 қазан күні Атырау-Ақтөбе тас жолында, шамамен Жамансор мен Мақат ауылдарының арасында жантүршігерлік көлік апаты болды. Renault Duster пен Geely көліктері соқтығысып, салдарынан 9 адам көз жұмды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Бұл туралы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жария етті.

"4 қазан күні Атырау облысында қайғылы жол-көлік оқиғасы орын алды. Атырау-Ақтөбе бағытындағы тас жолда екі көлік соқтығысып, салдарынан екі көліктің жүргізушісі, жолаушылар – барлығы 9 адам түгелдей көз жұмды. Қазіргі уақытта қаза тапқандардың аты-жөндері анықталуда, оқиға орнында жедел тергеу тобы жұмыс істеп жатыр", - деді ведомство басшысы.

Осы орайда Тұрғымбаев жол-көлік оқиғаларының 96%-і жүргізушілердің кінәсінен орын алатынын атап өтті.

Министрдің сөзінше, патрульдік кезекшіліктер және бейнекамералар жоқ автожолдар мен тас жолдардарда жүргізушілер өрескел ереже бұзушылықтар жасайды: жылдамдықты шамадан тыс арттырып, тыйым салынған және қауіпті аймақтарда алдыңғы көлікті басып озуға тырысады. Ал мұндай желігудің соңы көбіне қайғылы апатқа, орны толмас өкінішке ұрындырып жатады, дейді ол.

"ІІМ-нің статистикалық мәліметтері "тәжірибесіз" жүргізушілердің (көлік жүргізу өтілі 1 жылдан төмендер) үлесіне жол-көлік оқиғаларының тек 1,8 %-і ғана тиетінін көрсетеді. Жол апаттарының басым бөлігі тәжірибелі жүргізушілердің тарапынан орын алады екен. Олар қауіпті тәуекелдерге саналы түрде барып, өздерінің ғана емес, басқа адамдардың өміріне де үлкен қатер төндіреді", - деді Тұрғымбаев.

Еске салсақ, кеше, 3 қазан күні Ақтауда жедел жәрдем көлігінің қатысуымен жол апаты орын алған еді. Көліктердің соқтығысуы салдарынан төрт адам жарақат алған болатын.

Оған қоса, Көкшетауда жолдың рұқсат етілмеген тұсынан өтпек болған әйел көлік астына түсіп, мерт болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1877772-9-adam-kaza-tapty-atyrau-oblysynda-zantrsilerlik-zol-apaty-boldy.html