Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

«Хабар» арнасында көптен күткен «Келінжан» сериалының екінші маусымы басталды

Опубликовано:

Келінжан
Фото: «Хабар» Агенттігі» АҚ

Естеріңізде болса, өткен жылы эфирден өткен «Келінжан» телехикаясы бірінші маусымында-ақ патша көңілді көрерменнің көңілін жаулап үлгергерген болатын. Дәл осы телехикаяны тамашалау үшін теледидардың алдына телмірмеген қыз-келіншектердің қатары кем де кем екені жасырын емес.

Көпшілік көрерменнің сұрауы болған соң, Хабар телеарнасы биылғы жылы «Келінжан» телехикаясының екінші маусымын таспалауды жөн санады. Енді міне бүгіннен, 5 қазаннан бастап, сағат 16.10-да «Хабар» телеарнасы өздеріңізге «Келінжан 2»-ні ұсынады.

Жоба жетекшісі Гүлнұр Мамасарипованың айтуынша, телехикаяның бірінші маусымындағы барлық кейіпкерлердің басын екінші маусымда біріктіру оңайға түспеген сыңайлы. Алайда, бұл істің де сабақты инесі сәтімен аяқталған.

«Негізі Келінжанның екінші маусымын түсіру, түсірмеу туралы көп ойланып, араға бір жыл уақыт салып барып түсіруге бел байладық. Екінші маусымында біз бірінші маусымында болған барлық кейіпкерлерді сақтап қалуға барынша тырыстық. Өте бір күрделі процес болды. Бірақ, сәтін салып, барлығымен келісім-сөздер жүргізіп, ортақ келісімге келдік», - деді жоба продюсері, әрі сценаристі Гүлнұр Мамасарипова.
Келінжан
Фото: «Хабар» Агенттігі» АҚ

Екінші маусым Асқар мен Асылымның сәбилі болып, ауылға оралуымен басталады. Кіші келінін қара шаңырақтағы енесі жылы қарсы алады. Асылымның қайны ағалары Қылышбек пен Мәдібектің, абысындары Айсара мен Балқияның азды-көпті өзгерістері мен жаңалықтары болмаса, өмірлері баз-баяғы.

Сценарий бойынша, жаңа маусымда жаңа актерлер де қосылған. Мысалға, көрші Қасым атаның үйінен бозбала бой көрсетіп, Айсара мен Қылышбектің қыздарына қырындаса, Қылышбектің жұмыс істейтін орта мектебіне жаңа мектеп директоры болып бойдақ келіншек тағайындалады.

Бірақ ол бикеш Айсараның қызғанышын қоздырады. Ал аяғы ауыр Балқия болса, жолдасы Мәдібектің бұрындары көңіл жарастырған әйелінің ауыл медбикесі болған Валя екенін естіп, есеңгіреумен болады.

Келінжан
Фото: «Хабар» Агенттігі» АҚ

Ал үйдің сүт кенжесі Асқарға спорттағы жетістіктері үшін қаладан үй беріліп, Асылыммен ауылдан көшуді ұйғарады. Бауыр еті балаларының бақытын ойлаған ананың көңілі сан тарапқа сабылумен болады.... Мәдібек пен Балқия бұдан былай бақытты бола алады ма? Айсара мен Қылышбектің шаңырақтары шайқалады ма? Қара шаңырақтың иелері Асқар мен Асылым ауылдан алыстап, апаларын тастап кетеді ме? «Келінжан 2» кейіпкерлерінің өмірлерін өз көзіңізбен көргіңіз келсе, «Хабар» телеарнасымен бірге болыңыз.

Қазан айының 5 жұлдызынан, яғни бүгіннен бастап, сағат 16.10-да «Хабар» арнасынан «Келінжан 2»-ні көріңіз.

*PR құқында

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1877775-habar-arnasynda-kpten-ktken-kelinzan-serialyny-ekinsi-mausymy-bastaldy/

pixel