RU

Түркістан облысының 23 жастағы тұрғыны алты баланың анасы атанды (фото)

Үшем
Фото: facebook.com/torebek.baytasov

Түркістан облысында 23 жастағы келіншек үшемді дүниеге әкеліп, алты баланың анасы атанып отыр деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Сүйінші жаңалықпен Facebook әлеуметтік желісінде Төребек Байтасов есімді азамат бөліскен.

"Сарыағаштық 23 жастағы келіншек 6 баланың анасы атанды. Дербісек ауылының тұрғыны Еркінай Есенбаева тұңғышын 18 жасында босанған. Бұған дейін 1 ұл, 2 қызы бар отбасыға тағы Ақжан, Маржан, Бақжан есімді нәрестелер қосылды, қазақ көбейсін", - деп жазған ол үшемдердің суретін бөлісіп.

Жазбаны көрген желі қолданушылары қуанышты жаңалықты одан әрі таратып, жас анаға ақ тілектерін жаудырды.

"Бәрекелді", "Қазағымыздың саны көбейе берсін", - деп жазған пікір қалдырушылар.

Еске салсақ, бұған дейін біз Түркістан облысында 18 жастағы ана дүниеге үшем алып келгенін жазған едік. Жанар Анарбаева есімді студент қыз үшемдеріне Медина, Адина, Үсен деген есімдер бергенін айтуда.

Жалпы, өткен жылы Түркістан облысында бес үшем дүниеге келіп, 55 мыңнан астам сәби дүние есігін ашқан.

Одан бөлек, Американың Оңтүстік Дакота штатында орналасқан Стерджис қаласының тұрғыны жүкті екенін толғағы келген уақытта ғана біліп, өмірге үшем алып келгенін жазған болатынбыз. Дәрігерлер іші ауырғанына шағымданған америкалық әйелді тексеріп, оның құрсағында нәрестелер барын айтқан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1877824-trkistan-oblysyny-23-zastagy-trgyny-alty-balany-anasy-atandy-foto.html