RU

Еліміздің астанасы Түркістанға көшірілуі мүмкін бе

Түркістан
Фото: kazakh-tv.kz

Болашақта еліміздің астанасы Түркістан қаласына ауысуы мүмкін бе? Ғаламторда осындай алып-қашпа сөздердің тарап кетуіне сарапшылар пікір білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Түркістан қаласы күн санап өсуде. Оған бөлінген қаржы да қыруар. Өткен жылы Елбасы Түркістанды тәуелсіздік алған жылдары астана етпекші болғанын айтып қалған еді.

Өткен аптада ғана Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанда жылына үш миллион жолаушыны қабылдайтын халықаралық әуежайдың, үлкен стадион, көпфункционалды "Конгрес Холлдың" және "Rixos" қонақ үйінің ашылуына қатысты. Жоспар бойынша бұл қаланың маңызы арта түспек.

Алайда қаланың жақын болашақта астана атануына саяси сарапшылар күмәнмен қарайды.

Жұмабек Сарабеков, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:

Әрине бұл сапардан кейін ақпараттық кеңістікте осындай алып қашпа әңгімелер көбейе бастады. Бірақ реалистік көзқараспен қарайтын болсақ, астананың ауысу ықтималдығы төмен. Ең алдымен есте ұстайтын нәрсе, астананы көшіру үлкен қаржылық шығынға әкеліп соқтырады. Одан бөлек барлық мемлекеттік органдарды орналастыру керек болады. Егер астана ауысады деген сценарийді қарастырсақ, Түркістанға қайтадан инвестиция құю керек.

Бюджетке едәуір салмақ түседі. Екіншіден, кезінде астананы Ақмолаға көшірген кезде тек қана экономикалық мақсат көзделмеді, сонымен бірге қауіпсіздік мәселесі, ішкі саясат та ескерілген болатын. Астана Қазақстанның орталығында орналасқан. Бұл тұрғыда да қазіргі астананың артықшылықтары сақталып қалады.

Шалқар Нұрсейіт, саясаттанушы:

Астанамыздың ауысқанына көп уақыт өте қойған жоқ. Оның атын Нұр-Сұлтан деп өзгертіп те қойды. Сол себепті астананы көшіру екіталай. Түркістанға қаржының көп бөлінуі астананы көшірумен байланысты емес, басқа себептері бар. Ол жай қауесет деп ойлаймын. Облыс орталығына айналғандықтан көшіп келіп жатқан адамдарға жаңа жұмыс орындары ашылуы керек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1877846-elimizdi-astanasy-trkistanga-ksirilui-mmkin-be.html