RU

Елордада жедел жәрдем көлігі рұқсат етілмеген жерден өткен қызды қағып кетті

Жол апаты
Оқиға орны. Фото: instagram.com/za_rulem_astana

Нұр-Сұлтанда жедел жәрдем көлігінің қатысуымен жол апаты болды. Медициналық қызметкерлер мінген көлік жолдың рұқсат етілмеген бөлігінен өткен қызды қағып кеткен деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Жол апатының кадрлары Instagram желісіндегі za_rulem_astana парақшасында жарияланған.

Фотоны түсірген куәгердің жазынша, бойжеткен 50 метр әріде тұрған бағдаршамға бармай, рұқсат етілмеген жерден өткен.

NUR.KZ редакциясы болған жағдайдың анық-қанығын білу үшін полиция департаментіне сауал жолдады.

Құқық қорғау органы жол апатының кеше, 4 қазанда, күннің екінші жартысында болғанын айтты. Жедел жәрдем көлігінің рөлінде 25 жастағы ер адам отырған.

Ведомствоның хабарлауынша, жүргізуші рұқсат етілмеген жерден өткен 22 жастағы аруды қағып кеткен.

Көлік қаққан қызды ауруханаға жеткізгенімен, ол үйіне қайтарылған. Полицияның айтуынша, қазіргі уақытта құзырлы органдар тексеріс жүргізіп жатыр.

Еске сала кетсек, 3 қазанда Ақтауда жедел жәрдем көлігі апатқа ұшырап, салдарынан төрт адам жарақат алғанын хабарлаған болатынбыз.

Сондай-ақ, 4 қазан күні Атырау-Ақтөбе тас жолында, шамамен Жамансор мен Мақат ауылдарының арасында жол көлік апаты болған еді.

Белгілі болғандай Renault Duster пен Geely көліктері соқтығысып, салдарынан 9 адам көз жұмған.

Бұл туралы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында өзі жария еткен болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1877848-elordada-zedel-zrdem-kligi-rksat-etilmegen-zerden-tken-kyzdy-kagyp-ketti.html