RU

Баку Қарабақтағы қақтығыстар кезінде 120 бейбіт тұрғын жарақат алғанын мәлімдеді

6163
Фото: РИА Новости / Михаил Воскресенский

Таулы Қарабақтағы әскери қақтығыстардың басынан бері әзірбайжандық бейбіт тұрғындар тарапынан 24 адам қаза тауып, тағы 121-і жарақат алған. Бұл туралы Әзірбайжанның бас прокуратурасы мәлімдеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы ТАСС-қа сілтеме жасап.

"27 қыркүйектен бүгінгі таңға дейін Арменияның шабуылдары нәтижесінде 24 бейбіт тұрғын қаза болды, тағы 121 азамат жарақат алған", – делінген ведомствоның баспасөз хабарламасында.

Бас прокуратураның мәліметінше, 56 азаматтық нысан мен 306 тұрғын үйге зақым келтірілген.

Айта кетсек, 27 қыркүйекте Әзірбайжанның қорғаныс министрлігі Армения қарулы күштерінің әрекетіне "қарсы шабуыл" бастайтындарын мәлімдеген.

Өз кезегінде Таулы Қарабақ елді мекендерге, соның ішінде Степанакертке артиллериялық шабуыл жасалғанын жеткізді.

Әскери іс-қимылдардың нәтижесінде екі тараптан да әскерилер мен азаматтар қаза болды.

Бұған дейін мойындалмаған Таулы Қарабақ Республикасының президенті Араик Арутюнянның Әзірбайжанға үндеу жасағанын хабарлағанбыз.

Ол жақында Степанакерт қаласында болған атыстарға байланысты Қарабақ әскерилері соғыс қимылдарын Әзірбайжан аумағының ішіне қарай ауыстыруға мәжбүр болатынын мәлімдеді.

Сондай-ақ бұған дейін Таулы Қарабақта соғыс жағдайы енгізілгенін жазған едік.

Әзірбайжанның қорғаныс министрлігі Арменияның әуе күштері Қарабақпен шекарадағы елді мекендерді атқылағанын хабарлады. Осы мәліметтерге сәйкес, бейбіт тұрғындар арасында қаза тапқандар бар. Арменияның қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, Қарабаққа әуеден шабуыл жасалған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1877862-baku-karabaktagy-kaktygystar-kezinde-120-bejbit-trgyn-zarakat-alganyn-mlimdedi.html