Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

ЕҰУ студенті пандемия кезінде елге қалай көмек көрсеткені туралы айтып берді

Опубликовано:

Ерасыл
Фото: Жұмабай Ерасыл

Еуразия ұлттық университеті бүгінгі күні еліміздегі еріктілердің басын біріктіріп отырған білім ордаларының бірі де бірегейі. Университет қабырғасында білім алатын тәлімгерлердің бірсыпырасы ерікті болуды өзінің азаматтық борышы санайды. Мұның басты себебі – оқу орнындағы еріктілікке деген ерекше ықылас, жолға қойылған қайырымдылық жасауға мұрындық болатын идеология.

NUR.KZ порталына сұхбат берген ЕҰУ студенті Жұмабай Ерасыл бұл туралы толығырақ айтып берді.

ЕҰУ-дің 4-курс студенті Жұмабай Ерасыл Қарағанды облысының Сәтбаев қаласының тұрғыны. Ол 3 тілде емін-еркін сөйлейді. Ағылшын тілін жетік меңгерген Ерасыл бұл пәнді мектеп қабырғасында жүргенде-ақ жақсы көргенін айтады. Ал қазірде ол қайырымдылықпен айналысатын ерікті. Оның бұл қызығушылығы оқушы кезінен-ақ қылаң берген. Қолы қалт етсе, еріктілік қызметін атқаруға асығатын белсенді студент өзінің басынан өткен қызықты оқиғаларымен бөлісті.

«Айта берсем қызықты оқиғалар өте көп, - деп бастады әңгімесін Ерасыл. – Осы карантин уақытында Ұлы Отан Соғысының ардагерлеріне көмектескен болатынбыз. Ардақты ардагерлерімізге барып, әңгімелесіп, тіпті кей кезде бізді өздері үйлеріне шәй ішуге де шақыратын. Әр келгенімізге баладай қуанып, қимастықпен шығарып салатын. Осындай керемет бата-тілектерден кейін, “Қамқор” еріктілер лигасының жұмысын одан әрі дамытқым келеді», - дейді ол.

Айтуынша, ерікті болудың берер әсері де мол: біріншіден, ол – тәжірибе, екіншіден – мәртебе.

«Ең алдымен, бұл мен үшін бір тәжірибе болды. Үлкен жобалар, жаңа таныстық және ең бастысы, қоғамға пайдамның тигені мен үшін бір мәртебе болды. Әрбір жобадан кейінгі әсерімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Артымнан ерген командам, көмек көрсеткен отбасылардың ізгі-тілектері, ата-анам мен достарымның қолдауы маған әрқашан шабыт беріп отыратын.

Университет қабырғасында және одан тыс көптеген жобаларға қатысып, өзім басқарған бірнеше жобалар да болды. Ерікті ретінде ең басты қызметім- білім алып жатқан ордамның және елімнің көркеюіне ат салысуымда деп білемін. Себебі, аз уақыттың ішінде командамыз елім деген патриоттармен, жалындаған жастар мен игі іс жасауға дайын студенттер қатарымен толықты. Осының өзі мен үшін бір жетістік», - дейді студент.

Бұдан бөлек, Ерасыл Жұмабай ЕҰУ-дегі еріктілер орталығы туралы да айтып берді. Оның сөзінше, оқу ордасындағы еріктілер орталығы бүтін бір отбасына айналған.

«Қамқор» Еріктілер Лигасы - үлкен бір отбасы деп айта аламын. Біздің орталықтың қатары күннен-күнге өзінің пайдасы үшін емес, басқа адамға қалай көмектессем болады, қоғамға қандай септігімді тигізе аламын деп жүрген жастармен толығуда. Бір-бірімізге жанашыр болу арқылы, артымыздан еріп келе жатқан келешек ұрпаққа үлгі болуға тырысып бағудамыз.

«Қамқор» еріктілер одағының ең негізгі бағыты – қайырылымдылық. Қоршаған ортаны қорғау, жағдайы төмен отбасыларға көмектесу, соғыс ардагерлеріне көңіл бөлу сияқты әртүрлі бағыттарда қызмет атқарамыз. Сонымен қатар, көптеген жобаларға ерікті ретінде қатысып, қол ұшын созамыз», - дейді ол.

Ерасыл
Фото: Жұмабай Ерасыл

Айте кету керек, университет еріктілерге көптеген ауқымды жобаларға қатысуға мүмкіндік беріп, әрқашан қолдау көрсетіп отырады.

Еріктінің сөзінше, университет қабырғасында еріктілікке арнайы дайындамаса да, ынталы студенттерді үнемі демеп отырады.

«Біздің тараптан ұсынылған әрбір жоба қолдауға ие болып келеді. Әрине, осы үшін университет басшылығына алғысымыз зор. «Болатын баланы бетінен қақпа» демекші, бізді үнемі қолдап, өздерінің ақыл-кеңестерін беріп жатады. Әрбір еріктінің жұмысы бағаланып, декан мен ректордың мадақтама қағаздарын да иеленіп жатқандары қаншама», - дейді ол.

Ал елге көмек көрсетудің пайдасынан басқа еш зияны жоқ деп есептейді ынталы жас. Мәселен, ерікті болу арқылы бойыңдағы жақсы қасиеттерді арттыра түсуге болады.

«Ерікті болу арқылы біз ең алдымен өзге адамға емес, өзімізге көмектесеміз. Қолда бардың қадірін түсінуді, әрқашан да сабырлы бола білуді және шыдамды болуды үйрендім десем де болады.

Мен үшін қазіргі қызметім өте маңызды деп үлкен сеніммен айта аламын. Мен артымнан ерген жастарға тек төраға болып қоймай, арқа сүйер аға, кеңес сұрайтын дос және әрқашан бағыт-бағдар бере алатын жанашыр жан болуға тырысудамын», - деп бөлісті Ерасыл.

Ал бүкіл әлем бастан кешкен пандемия кезінде ол өзге де студенттермен бірге «Қамқор» қайырымдылық қорын құрып, көптеген отбасыларға көмек беріпті.

«Осындай қиын-қыстау сәтте Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағанды қалаларынан, өзіміздің туған жеріміз – Сәтбаев қаласынан келген студенттермен бірлесе отырып, «Қамқор» қайырылымдылық қорын құрған болатынбыз. Бұл қордың негізгі мақсаты: аз қамтылған отбасыларды азық-түлікпен ғана қамтамасыз етіп қоймай, бірнеше мәрте тұрмыстық заттармен, үй шаруасы сияқты жұмыстармен көмек көрсету болатын.

Қазіргі таңда біз 30-ға жуық аз қамтылған және жағдайы төмен отбасыларға қол ұшын создық және онымен ғана тоқталып қоймай, бүгінгі күні мүмкіндігі шектеулі балалармен де жұмыс жасаудамыз. Денсаулығым үшін алаңдау болды, себебі ауру айтып келмейді. Бұл кезең барлығымызға үлкен тәжірибе болды деп айта аламын. Біз тек өзіміз үшін емес, жақындарымыз бен халқымыз үшін де жауапты болдық және әлі де жауаптымыз», - деп ағынан ақтарылды ол.

«Еріктілік қызметке дағдылану да уақыттың еншісінде, - дейді болашақ маман.

Мәселен, оның айтуынша, ерікті болудың қиындығы шамалы. Бұл үшін тек ниетің болса, жеткілікті.

«Туыстарым да, достарым да қызығушылығымды әрқашан қолдап, көмектесіп отырады. Ал еріктілік қызметке енді аяқ басқан жастарға айтарым, ерікті болғаныңыз үшін ешқашан ұялмаңыз! Игі істердің арасында жүру, адамдарға пайдаңды тигізе білу- үлкен жүректі қажет етеді. Сол себепті, ерікті боламын деп шешкен кең пейіліңіз бен ынта-жігеріңіздің арқасында сіз көп нәрсені үйренесіз, көресіз және сабақ аласыз. Осы еркіңізден ешқашан таймаңыз!», - деп жылы лебізін білдірді белсенді студент.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1877877-eu-studenti-pandemia-kezinde-elge-kalaj-kmek-krsetkeni-turaly-ajtyp-berdi/

pixel