RU

Алматыда кинотеатрлар мен "Медеу" мұз айдыны қашан ашылады: Бекшин жауап берді

кинотеатр 165
Көрнекі фото: pixabay.com

Оңтүстік астананың бас санитарлық дәрігері қалада кинотеартлар мен "Медеу" мұз айдынының қашан ашылуы мүмкін екенін айтып берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Жандарбек Бекшин 6 қазаннан бастап театрларға қызметін жандандыруға рұқсат берілгенін еске салды. Оларға қойылатын басты шарт – көрермендер залының толымдылығы 50 пайыздан аспауы тиіс.

Ал кинотеатрларға қатысты шешімді Қазақстанның бас санитарлық дәрігері қабылдауы тиіс. Содан кейін ғана өңірдің санитарлық дәрігерлері эпидемиологиялық жағдайға қарай шаралар қабылдайды.

"Республиканың бас санитарлық дәрігері кинотеатрларды ашу мәселесін әзірге қарастырмайды. Қазіргі жағдайға сәйкес, шектеулерді жеңілдете алмаймыз", – деді Бекшин.

Қазіргі уақытта "Медеу" мұз айдынын ашу бойынша ауызша келіссөздер жүріп жатыр. 6-7 қазан аралығында нысан әкімшілігі оның жұмысын қамтамасыз ету алгоритмін ұсынады деп болжануда.

"Біз ол ұсынысты қарастырамыз. Бір адамға 4 шаршы метр қажет болса, олар 16 шаршы метр бөлуді болжап отыр.
Қазір олар іс-шаралар жоспарын әзірлеуде. Кейін ол қала әкімдігіне, коронавирусқа қарсы күрес жөніндегі қалалық штабқа және біздің департаментке ұсынылады", – деп түйіндеді Алматының бас санитарлық дәрігері.

Бұған дейін Жандарбек Бекшин оңтүстік астанадағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы баяндаған болатын. Оның сөзінше, қазіргі уақытта жағдай тұрақты.

Санитарлық дәрігердің айтуынша, Алматыда cоңғы тәулікте коронавирусты жұқтырудың бір ғана жағдайы тіркеліп, таралу деңгейі бір пайызға да жетпеген. Бүгінгі таңда ауруханаларда кереуеттердің тек 5 пайызы қамтылған.

Еске сала кетсек, жақында Жандарбек Бекшин жаңа қаулыға қол қойды. Оған сәйкес, қалада бірқатар карантиндік шектеулер жеңілдетілген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1877886-almatyda-kinoteatrlar-men-medeu-mz-ajdyny-kasan-asylady-beksin-zauap-berdi.html