RU

Министр Түркістан облысында өз балаларын ұрған әкенің ісіне қатысты пікір білдірді

Фото
Фото: ІІМ

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Түркістан облысында болған өз балаларын ұрып-соғу оқиғасына қатысты пікір білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Қазақпаратқа сілтеме жасап.

Тұрғымбаевтың сөзінше, кез келген құқық бұзған адам заң алдында жауап беруі тиіс.

"Бұндай әлімжеттік көрсету фактілері аяқсыз қалмайды. Заң бәріне ортақ. Тұрмыстық жанжал саласына қатысты құқық бұзушылық және қылмыс біржақты болмайды, оның екінші жағы болатындығына назар аударғым келеді.

Түркістан облысындағы жағдайға келсек, балалардың анасы бұған дейін де күйеуінің үстінен бірнеше рет шағым түсірген, бірақ арыз жазбаған. Ол оның заңды әйелі, күйеуінен ажырасуға өтініш бермеген. Бұл жерде полиция қызметкерлерінің жұмысын айқындайтын өзіндік заңнамалық тұстар бар.

Яғни, біз шағымсыз ол әйелдің жолдасын 3 сағаттан артық қамауда ұстай алмаймыз. Сонымен қатар, себепсіз әкімшілік жауапкершілікке де тарта алмаймыз", - дейді Ерлан Тұрғымбаев тілшілердің сұрағына.

Еске салсақ, бұған дейін Түркістан облысы Қазығұрт ауданының тұрғыны күйеуі мас күйінде келіп, оны және ұлдарын ұратынын айтқан болатын. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарап кеткен еді.

Бұл жайттан соң, әнші Меруерт Түсіпбаева ел арасында шу тудырған қатыгез әкенің видеосына пікір білдірді. Өнер иесі өз туған балаларын аяусыз сабаған ер азаматты әкелік құқығынан айыру керек екенін алға тартты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1877921-ministr-trkistan-oblysynda-z-balalaryn-rgan-keni-isine-katysty-pikir-bildirdi.html