Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қырғызстанда наразылар Ақ үйге, Жээнбековтің кабинетіне басып кірді

Опубликовано:

Наразылар Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековтің кабинетінде тұр. 5 қазан 2020 жыл.
Наразылар Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековтің кабинетінде тұр. 5 қазан 2020 жыл. Фото: azattyq.org

Парламент сайлауының нәтижесімен келіспеген наразы жұрт 6 қазанға қараған түні Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековтің кабинетіне баса көктеп кірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ порталы Азаттықтың Қырғыз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметіне сәйкес, президент әкімшілігі мен парламент отыратын Ақ үйге басып кірген халыққа полиция мен арнайы жасақ ешқандай қарсылық көрсетпеген.

Қырғызстандық белсенділер мен сайттардың дерегінше, сайлау нәтижесімен келіспеген жұрт Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің (МҰҚК) ғимаратын да басып алған. Арнайы жасақтың өзі де халықпен бірге екенін жеткізген. Көпшілік, тіпті Бішкектегі орталық "Ала Тоо" алаңын да толық бақылауға алғаны хабарланды.

Президент Сооронбай Жээнбековтің баспасөз хатшысы Толгоной Стамалиеваның AKИpress басылымына мәлімдеуінше, президент Бішкекте жүр. Ол 6 қазан күні таңертең сайлауға қатысқан 16 партияның өкілдерімен кездесу өткізуді жоспарлаған екен.

Еске салсақ, 4 қазанда Қырғызстанда парламент сайлауы өтіп, оған 16 партия қатысқан болатын. Сайлауда "Биримдик", "Мекеним Кыргызстан", "Кыргызстан" және "Бутун Кыргызстан" партиясы 7 пайыздық межеден өткен.

Жаңа құрылған билік партиясы – "Биримдик" 24,5 пайыз, "Мекеним Кыргызстан" - 23,88, "Кыргызстан" 8,76, "Бүтүн Кыргызстан" 7,13 пайыз дауыс жинаған.

5 қазан күні Бішкектегі орталық алаңда сайлау нәтижесіне қарсы наразылық өтіп, оған он мыңдаған адам қатысқан. Жээнбековтің биліктен кетуін, қайта сайлау өткізуді талап еткен халық кешке тоғызға таман Ақ үйге кірмек болады. Кейін полиция көзден жас ағызатын газ, резеңке оқпен наразыларды таратпақ болған.

Дәрігерлердің мәліметіне сәйкес, наразылықта кем дегенде 120 адам жарақат алған.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, наразы топ, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимаратына кіріп, елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты тергеу изоляторындағы қамаудан шығарып алған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/1877947-kyrgyzstanda-narazylar-ak-jge-zeenbekovti-kabinetine-basyp-kirdi/

pixel