RU

Бішкектегі Ақ үй наразылар баса көктеп кіргеннен кейін отқа оранды (фото, видео)

Бішкектегі Ақ үй отқа оранды
Бішкектегі Ақ үй отқа оранды. Скриншот: t.me/sputnik_kyrgyzstan

Қырғызстан парламенті мен президент аппараты орналасқан Ақ үй отқа оранды. Өрт сөндірушілер оқиға орнында өрт ошағын сөндіруге тырысуда деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Қырғыз парламенті мен президент аппараты жайғасқан Бішкектегі Ақ үйдің төртінші қабаты өртке оранды. Өрт сөндіру қызметі оқиға орнына келіп жеткен. Олар өртті сөндіруге тырысып бағуда деп жазады Sputnik Қырғызстан Telegram-каналы.

Ақ үйді шарпыған жалын өрши түсіп, өзге қабаттар да өртке оранған.

Сондай-ақ"Бутун Кыргызстан" партиясының көшбасшысы Адахан Мадумаров Ақ үйдің маңында аяусыз соққыға жығылған.

Бұған дейін партия сайлауының нәтижелеріне наразы болған халық Ақ үйге басып кіргенін хабарлаған болатынбыз. Нәтижесінде 100-ден аса адам жарақат алған. Бішкектегі ауруханаларда қақтығыстан зардап шеккен қырғызстандықтарды қабылдау жалғасып жатыр.

Одан бөлек, парламент сайлауының нәтижесімен келіспеген наразы жұрт Бішкектегі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қақпасын бұзып кіріп, елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты тергеу изоляторындағы қамаудан шығарып алған.

Бұған қол жеткізу Мемлекеттік Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылығымен келіссөз жүргізгеннен кейін мүмкін болыпты. Экс-президентті МҰҚК ғимаратынан алып шыққаннан кейін, наразы халық оны қоршап алып "Атамбаев" деп айқайлай бастағаны белгілі болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1877951-biskektegi-ak-j-narazylar-basa-kktep-kirgennen-kejin-otka-orandy-foto-video.html